Астана халықаралық форумында сөз сөйлеген БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы Пан Ги Мун Қазақстанның климаттық бастамалары мен тұрақты дамуға қосқан үлесіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Париж келісімі мен 2030 күн тәртібі — әлем үшін маңызды бағыттар екенін атап өткен Пан Ги Мун, Қазақстанның бұл саладағы белсенді ұстанымын ерекше атап өтті.

«Сіздердің тұрақты даму мен климаттың өзгеруі мәселелеріне қосқан үлестеріңізді қолдаймын. Биылғы форумның «Идеяларды біріктіре, болашақты қалыптастыра» тақырыбы – дәл қазір бізге қажет көшбасшылықтың көрінісі», деді БҰҰ-ның экс-бас хатшысы.

Пан Ги Мун жаһандық экологиялық және климаттық сын-қатерлер тек бірлескен халықаралық ынтымақтастық арқылы ғана шешілетінін айтты.

«Қандай мықты немесе ресурстарға бай болмасын, бірде-бір ел жалғыз өзі климаттық өзгерістер мен экологиялық дағдарысты еңсере алмайды. Мұндай қауіптер саяси идеологиялардың немесе кез келген жасанды құрылымдардың шекарасынан тыс», деді Пан Ги Мун.

Орталық Азиядағы өңірлік серіктестікке де ерекше назар аударған Пан Ги Мун Самарқандтағы климат форумын мысалға келтіріп, Қазақстанның белсенділігін жоғары бағалады.

Пан Ги Мунның пікірінше, Қазақстанның таза энергетикаға инвестиция салуы – елдің ұзақ мерзімді, орнықты дамуына жол ашатын маңызды фактор:

«Қазақстан жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау арқылы тұрақты болашаққа нақты қадам жасап отыр. Бұл – өзге елдерге үлгі боларлық тәжірибе», деді ол.