Бүгін елімізде аймақтағы салмақты іскерлік шараның бірі – Астана халықаралық форумы басталады, деп хабарлайды 24kz.

Бас қалаға әлемдік көшбасшылар ат басын бұрып, сарапшылар, инвесторлар мен бизнес өкілдері бас қосады.

Басты тақырыптар – сыртқы саясат пен қауіпсіздік. Энергетика, климат, экономика, қаржы мәселелері де қамтылады. Форумға Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс, сондай-ақ Африкадан 4 мыңнан астам мейман қатысады.

Шара екі күнге жалғасады. Сарапшылардың бағалауы бойынша бұдан Қазақстан экономикасына түсетін мультипликативті әсердің ауқымы 2 миллиард 600 миллион теңгеден асуы мүмкін. Форумның әр қатысушысы ел пайдасына тәулігіне орта есеппен 200 мың теңгеден қалдырады.

Меймандар қазірдің өзінде 37 қонақ үйден алдын ала орын алған. Арнамыздың тілшілері алдағы сағаттарда осы ауқымды іс-шарадан тікелей эфирде ақпарат таратады.

Астана халықаралық форумының пленарлық отырысы республикалық телеарналардан, сондай-ақ Facebook, YouTube, Telegram әлеуметтік желілеріндегі Ақорданың ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіледі. Трансляция сағат 10.30-да басталады.