primeminister.kz
Премьер-министр қазақстандық ғалымдар, оқытушылар мен студенттер үшін ресурстық және оқу алаңына айналған Назарбаев Университетінің жаңа Биомедициналық зерттеу орталығының жағдайымен танысты. 5 мың 600 шаршы метрден астам аумақта геномика, молекулярлық биология, тіндік инженерия, регенеративті және трансляциялық медицина бағытында зерттеулер жүргізу үшін тиісті жағдай жасалған.
Мұндағы басты ерекшелік – биология және фармакология саласында ғылыми зерттеулер жүретін виварий. Үкімет басшысының назарына бірқатар ғылыми және технологиялық жоба ұсынылды. Ол медицина мектебінің онкология, шеміршек регенерациясы, роботтандырылған емдеу, фармацевтикалық компоненттерді биологиялық жолмен алу сынды зерттеулермен танысты.
Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:
- Назарбаев Университетінің негізінде өте қуанышты жаңалық. Үлкен ғылыми биотехнологиялық орталық ашылды. Оның жанында вивариум. Вивариум дегеніміз – ол медициналық, биотехнологиялық, биомедициналық дәрі-дәрмек пысықтау форматында келетін, жануарлардың негізінде клиникалық арнайы тестілеуді жүзеге асыратын орталық. Тағы бір үлкен жаңалық, артықшылық, кез келген ірі фармацевтикалық компаниялар өңірлік зерттеулерді Қазақстанда өткізе алады.