Ақсу ферроқорытпа зауытының базасында ERG компаниясы еліміздің тау-кен металлургия саласындағы алғашқы кәсіби біліктілікті тану орталығын ашты.

Орталықта еңбекті тәуелсіз бағалау жүйесін дамыту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру шаралары жүзеге асады. Бірегей жоба компания жұмысшыларына өзінің кәсіби деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкес растауға мүмкіндік береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен құрылған Кәсіби біліктілікті тану орталығы халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді. Бұл бастама маман даярлауда маңызды рөл атқарады. Жауапты сала басшыларының айтуынша ұлттық біліктілік жүйесін дамыту – тұтас бір сала мен мемлекет үшін кадр тапшылығын жоюға сеп болады.

Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- ERG компаниясы Қазақстанның тау-металлургиялық кешені мен жалпы өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосуда. Бұл орталық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа дағдылар мен құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік береді.

Орталықта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар біліктілігін арттырады. Дипломы жоқ қызметкерлер де салада жүріп жинаған тәжірибесі мен кәсібилігін дәлелдей алады. Орталықта заманауи зертханалар мен арнайы тренажерлар қарастырылған.

Анастасия Круч, ERG компаниясы бас директордың Персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары:

- Біз мұнда ең күрделі мамандықтар бойынша кәсіби құзыреттерді тануды жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бұл орталық мемлекеттік талаптарға сәйкес аккредитациядан өткен және Қазақстан Республикасының кез келген азаматына кәсіби дайындықтан өтуге мүмкіндік береді.

Бастапқыда ERG Кәсіби біліктілікті тану орталығы 12 негізгі кәсіп бойынша бағалау жүргізеді. Орталық қызметіне тек ERG қызметкерлері ғана емес, өзге де кәсіпорын мамандары, студенттер мен түлектер, мердігер ұйым жұмысшылары да жүгіне алады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошкарбаев, Марат Игіліков