Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» форумында сөз сөйлеп, білім мен ғылымның маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы бұл жиынды әлемдік білім мен ғылым саласындағы өзекті ойлар мен жаңа идеялар талқыланатын бірегей алаң деп бағалады. Оның айтуынша, шарада жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысып, маңызды пікірлерімен бөлісіп жатыр. Президенттің сөзінше, қазір университеттер озық ой мен жаңашыл идеялардың ордасы мен ғылыми ізденістің басты орталығына айналған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір адамзат түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басқан кезде білім ордалары заман талабына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға айрықша мән беріп отыр. 2019 жылдан бері осы салаға бөлінетін қаржы үш есе ұлғайды. Елімізде жоғары оқу орындарының дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Мемлекет ғалымдарға, әсіресе жас зерттеушілерге барынша қолдау көрсетуде. Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы – өте маңызды міндет.