Алматыда Инклюзивті білім берудің дүниежүзілік конгресі өтіп жатыр. Инклюзивті білім берудің жаңа кезеңіне қадам басуды мақсат еткен конгресс қатысушылары баршаға қолжетімді білім беруді дамыту мен әлем елдерінде ерекше балалармен жұмыс істеу тәжірибесін дөңгелек үстел аясындағы талқылаулардан бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дөңгелек үстелде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сөз сөйлеп, Президент тапсырмасымен іске асып жатқан басым бағыттарды атап өтті. Министр атап өткендей, дүниежүзілік конгрестің Қазақстанда өтуінің салмағы басым. Биыл жыл басында Лондонда өткен беделді BettShow-да IFIP қауымдастығы Қазақстандағы инклюзивті білім берудегі атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Осы орайда дамыған елдердің инклюзивті білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелерді сапалы енгізудің үлкен жауапкершілік екенін алға тартқан ведомство басшысы «Елімізде инклюзивті білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап инклюзивті білім беру мәселелерін жүйелі шешу мақсатында 9 мәрте нақты тапсырмалар берілді. Инклюзияның негізі – адами құндылықтар: сыйластық, қабылдау және қолдау. Біз заманауи сын-қатерлер мен жаһандық үрдістерді ескере отырып, білім мазмұнын жетілдіруде күш біріктіріп, тиімді стратегиялар әзірлеу, тәжірибе алмасу және қолдау механизмдерін нығайтуға шақырамыз» деп атап өтті.
Конгресс барысында талқыланатын тақырыптарды біріктіретін құжат – әрбір баланың тең құқылы білім алуын көздейтін «Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясы. «Бұл декларация – адами капиталды дамыту, әлеуметтік бірлікті нығайту және заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашу үшін нақты бағдар. Қазақстан тарапынан ұсынылған декларация әр баланың әлеуетін толық ашуға бағытталған. «Білім – баршаға» қағидаты аясында инклюзивті білім беруді қажет ететін тұлғалардың сапалы және тең қолжетімді білім алуын қамтамасыз ететініне сенеміз. Инклюзивті білім беру – біздің құндылықтарымыздың және болашаққа құрылған сеніміміздің айнасы. Ол әділетті, қамқор және баршаға ашық мемлекеттің негізі болып табылады» деді министр өз сөзінде.
Конгреске инклюзия саласындағы жаһандық маңызы зор мәселелерді талқылау үшін әлемнің 40 елінен 150-ден астам беделді ғалымдар мен сарапшылар, 400-ден астам педагог-практиктер, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері келді.
Халықаралық жиын ары қарай пленарлық отырыспен жалғасын тауып, оның барысында «Инклюзивті білім беру жөніндегі» Алматы декларациясы талқыланды.
«Декларация – адами капиталды дамыту, әлеуметтік бірлікті нығайту және заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашу үшін нақты бағдар. Қазақстан тарапынан ұсынылған декларация әр баланың әлеуетін толық ашуға бағытталған. Біз «Білім – баршаға» қағидаты аясында инклюзивті білім беруді қажет ететін тұлғалардың сапалы және тең қолжетімді білім алуын қамтамасыз ететініне сенеміз. Инклюзивті білім беру – біздің құндылықтарымыздың және болашаққа құрылған сеніміміздің айнасы. Ол әділетті, қамқор және баршаға ашық мемлекеттің негізі болып табылады» деді министр.
Алматы декларациясында мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдарына және халықаралық қауымдастыққа арналған білім алмасу және тәжірибе тарату платформаларын құру, бірлескен жобаларды дамыту және қолдау, дамушы елдерге көмек көрсетуді кеңейту, әртүрлі салалар арасындағы серіктестікті нығайту, корпоративтік және халықаралық ұйымдарды тарту, инклюзивті білім беру бойынша мониторинг пен есеп беру механизмдерін енгізуге қатысты ұсыныстар қамтылған.
Алматы декларациясы конгресс қатысушыларының ұстанымы ретінде ЮНЕСКО-ға жолданып, инклюзивті білім беруді дамыту үшін қатысушы мемлекеттерге таратылатын болады. Құжат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа серіктестіктер орнатуға және әрбір баланың әлеуетін ашуға бағытталған бірегей бастама ретінде Қазақстанның инклюзивті білім беруді жаһандық деңгейде ілгерілетуге қосқан маңызды үлесі болмақ.
Конгресс аясында Innovation Expo көрмесі ұйымдастырылып, инклюзиялық білім берудегі жаңа шешімдер мен заманауи технологиялар таныстырылды.
Алматы