Жыл сайын адамзат 400 миллион тоннадан астам пластик бұйымдарын өндіреді. Оның тек 20 пайызы қайта өңделеді. 2060 жылға қарай бұл көрсеткіш миллиардтаған тоннаға жетуі мүмкін. Пластиктің қоршаған ортаға төндірер қаупі орасан . Заманауи технологияның кереметі ретінде танылған пластик қазір тірі организмдер мен жалпы экожүйелерге қауіп төндіріп отыр.
Қазір мұхит, теңіз, өзен-көлдердегі микропластикте есеп жоқ. Күн сайын дүние жүзіндегі мыңдаған көздерден пластик қалдықтары мұхитқа ағып жатыр. Теңіз ластануының 80%-ы осы пластикалық қалдықтардың үлесінде. Жыл сайын мұхитқа шамамен 8-10 миллион тонна пластик төгіледі. Ресми болжамдарға сүйенсек, бұл көрсеткіш алдағы 5 жыл ішінде теңіздегі барлық балық санынан асып түсуі мүмкін. Қазір әлемдік мұхитта 5 трлн-ға жуық пластик өнімдері бар. Яғни әр үшінші балықтың ағзасынан пластик қалдықтарын табуға болады деген сөз. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдармасының есебіне сәйкес жыл сайын 130 000-ға жуық киттің пластикалық торға түсетіні анықталды.
Пластик қалдықтар топырақты та ластайды. Неміс ғалымдарының зерттеуіне сүйенсек, топырақтың ластануы мұхитқа қарағанда 2 есе жоғары. Топырақ токсиндерді сіңіріп алып, жабайы өсімдіктер мен дақылдарға кері әсер етеді. Пластиктің ұсақ түйіршіктері және оның химиялық бөлшектері топыраққа сіңіп, жер асты сулары арқылы ең жақын су көздеріне түседі. Ластанған судан вирустар мен бактериялар тарайды.
Адамзат күн сайын микропластиктермен тыныс алады, оны жеп, ішеді, нәтижесінде ағзаға аптасына 5 грамм, ал жылына шамамен 250 грамм микропластик түседі. Бұл біріншіден адам денсаулығына қауіп төндіреді. Соның салдарынан қазірде түрлі ауру тарап жатқаны мәлім. Пластик құрамындағы химиялық заттар аллергия, жүрек-қан тамырлары, бедеулік, қант диабеті, тіпті қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін.
Авторы: Фариза Жанғанаева