11 тамыздан бастап екінші лек бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініш қабылдау басталады. Гранттың мөлшері — 400 АЕК (1 572 800 тенге). Мұны қалай алуға болады? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері түсіндіріп берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Екінші лекте 4 873 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, мақсаты — жаңа бизнесті бастау және дамыту.
Өтініш беру үшін мына қадамдарды жасау қажет:
- business.enbek.kz порталында тіркелу;
- Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексерістен өту;
- Бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге болады.
Грант алу үшін бірнеше шартты сақтау қажет:
Грант алуға:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қандас мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Нені ескеру керек?
- Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуға тиіс.
- Грантты қажет құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
- Грант кредитті өтеуге, тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!