Қазақстан халықаралық аренада бейбітшілік , тұрақты даму және өңірлік көшбасшылықты таңдайды. Еліміз көпвекторлы, бейбітсүйгіш және конструктивті сыртқы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келеді. Ел өзін «орта держава» ретінде танытып, тұрақты даму мен дипломатияның өңірлік хабына айналуға ұмтылуда.

Астана халықаралық қақтығыстарды реттеудің негізгі алаңына айналып келеді. Атап айтқанда, ауқымды бітімгерлік миссиялар өткізіп, жаһандық бастамаларды көтеріп отыр. Caravan.kz медиа порталына сарапшы өз пікірімен бөлісті.

Бейбіт бастамалар: Астана процесінен Голлан жоталарына дейін

Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде халықаралық аренада танымал. Сыртқы саясатының символы ядролық қарудан бас тартуы мен Семей ядролық сынақ полигонын жабуы болды. Аталмыш тарихи қадам елдің жаһандық қарусыздану ісіндегі беделін арттырды.

Еліміз халықаралық қақтығыстарда делдал болу тәжірибесін де нығайтып келеді. 2017 жылдан бастап ел аумағында Сирия мәселесіне арналған Астана процесі өтті. Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері қатысқан бұл келіссөздер сегіз жыл ішінде 20-дан астам кездесулер өтті. Нәтижесінде бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. 2025 жылғы маусымда Қазақстан бұл миссияның сәтті тәмамдағанын ресми түрде мәлімдеді.

2024 жылдың мамыр айында Астанада Армения мен Әзербайжан арасындағы маңызды келіссөздер өтті. Қазақстанның бастамасымен өткен бұл кездесу болашақ бейбіт келісімнің негізін қалап, елдің сенімді делдал ретіндегі рөлін нығайтты.

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына да белсенді қатысады. 2025 жылдың сәуірінде Голлан жоталарында Қазақстанның екінші бітімгерлік контингенті орналастырылды. Оның құрамында 139 әскери қызметкер, соның ішінде әйелдер де бар. Бірінші контингент миссиясын 2024 жылы аяқтаған болатын. Жалпы, Қазақстан БҰҰ-ға мүше болғаннан бері 700-ден астам әскери қызметкері Батыс Сахарада, Орталық Африкада, Ливанда және Оңтүстік Суданда бейбітшілік орнатуға атсалысты.

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаевтың пікірінше, еліміздің бітімгерлік миссияларға қатысуы әскери-саяси бағытқа жаңашылдық әкеледі.

«Әрине, тек имидждік тұрғыдан емес, процедуралық және мазмұндық өлшеммен қатар жүреді деп ойлаймын. Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен өткізілетін бітімгерлік операцияларға қатысуы «soft militarization» формасының көрінісі. Бұл жаһандық дипломатияда кеңінен таралған түрі. Бір жағынан бейтарап бейбіт ұстанымын сақтай отырып, екінші жағынан әскери құрылымдар мен офицерлік корпустың кәсібилігін халықаралық стандарттарға сәйкестендірудің төте жолы. Бұл бағытта еліміздің қорғаныс саласында жаһандық институттармен интернационализациясы, БҰҰ жүйесіне бейімделуі, стратегиялық тұрғыда өте өзекті», — дейді сарапшы.

Геосаяси белсенділік: саммиттер, бастамалар және стратегиялық делдалдық

2024 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астанада маңызды саммит өткізді. Осы кездесуде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі атанды. Саммит нәтижесінде «Әлемдік бірлік – әділеттілік, келісім және даму жолында» атты бастама қабылданып, БҰҰ-да ресми құжат ретінде тарады.

2025 жылғы маусымда Астана қаласы «Қытай — Орталық Азия» екінші саммитін өткізді. Жиын көлік дәліздері, энергетика және қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Ал 2025 жылғы сәуірде Самарқанд қаласында алғаш рет «Еуроодақ — Орталық Азия» саммиті өтіп, ЕО аймақпен стратегиялық әріптестік орнататынын және 13,2 млрд доллар инвестициялық пакет бөлетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қазақстан киберқауіпсіздік бойынша халықаралық платформа құруды ұсынды. 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен өтетін алғашқы өңірлік климаттық саммиттің ұйымдастырушысы болмақ. Бұл бастамалар елдің жаһандық сын-қатерлерге, кибершабуылдардан бастап климаттық өзгерістерге дейін қарсы тұруға әзір екенін көрсетеді.

«Қазақстан — Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір. Әсіресе Транскаспий бағыты арқылы логистикалық кедергілерді азайтып, өңірдің экономикалық өзара байланысын күшейтіп жатыр», — дейді халықаралық саясат жөніндегі сарапшы Саясат Нұрбек.

Cаясаттанушы Нұрболат Нышанбаев аталмыш іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Біріншіден, ғылыми-сараптамалық әлеует пен деректерді жинау инфрақұрылымымыз дамиды. Себебі, ТДМ мониторингінақты индикаторлар мен бағалау жүйесіне негізделген. Екіншіден, жергілікті ҮЕҰ, университеттер және әкімдіктер БҰҰ-мен тікелей серіктестік орнатып, өңірлік деңгейде ТДМ жобаларын жүзеге асыра алады. Бұл бюджеттік инвестиция тартуға, халықаралық донорлармен байлыныс орнатуға және дипломатиялық капитал жинауға мүмкіндік береді», — дейді маман.

Алматы — тұрақты даму мақсаттарының өңірлік хабы

Соңғы жылдардағы ең ірі сыртқы саясат жетістіктерінің бірі Алматыда БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталығының ашылуы. Бұл бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ұсынған болатын, ал 2025 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы оны ресми түрде мақұлдады.

Орталықтың жұмысы тек Қазақстанмен шектелмейді. Ол Орталық Азия елдері мен Ауғанстанды да қамтиды. Орталықтың басты бағыттарының қатарына кедейлікпен күрес, климаттың өзгеруіне бейімделу, гендерлік теңдік, тұрақты су пайдалану және қала дамуы кіреді. Қазірдің өзінде Алматыда БҰҰ-ның 18-ден астам агенттігі жұмыс істеп жатыр, оның ішінде БҰҰДБ (ПРООН), ЮНИСЕФ, ЮНФПА және UN-Habitat бар.

«Тұрақты даму мақсаттары жай ғана ұран емес, нақты іс-әрекет жоспары. Қазақстан ТМД кеңістігінде тұрақты әрі бейбіт дамудың үлгісіне айналуға дайын», — деп мәлімдеді президент Тоқаев.

Саясат Нұрбектің пікірінше, Алматыдағы орталық Қазақстанның геосаяси субъектілігін күшейтеді. Бұл тек имидждік жоба емес, нақты инвестицияларды, технологияларды және өңірлік әріптестікті тартатын маңызды алаң.

2026 жылға дейін орталықтың бюджеті 100 млн доллардан асады деп күтілуде. Білім беру саласын цифрландыру, Арал аймағындағы экологиялық бейімделу және энергетикалық көшу жобаларына ерекше көңіл бөлінбек.

Қазақстан бейбітшілік, тұрақты даму және жаһандық әріптестікке негізделген сыртқы саясатты жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. БҰҰ миссияларына қатысу, халықаралық келіссөздердегі делдалдық, жоғары деңгейдегі саммиттер және Алматыда БҰҰ инфрақұрылымын қалыптастыру сынды шаралар елдің әлемдік аренадағы сенімді, конструктивті ойыншы ретіндегі орнын бекіте түседі.

Геосаяси тұрақсыздық пен климаттық дағдарыс жағдайында Қазақстан Орталық Азияға ғана емес, бүкіл әлемге арналған ынтымақтастықтың, тұрақты өсудің және ұжымдық қауіпсіздіктің жаңа үлгісін ұсынуға ниетті.

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев аталмыш бастаманы Қазақстан үшін бірнеше стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Біріншіден, Алматының өңірлік хаб ретінде институционалдық нығаюы — Қазақстанның Орталық Азиядағы көпжақты дипломатиядағы орны мен БҰҰ жүйесіндегі маңызын арттырады. Екіншіден, бұл орталық аймақтық интеграцияға, трансшекаралық ынтымақтастыққа және инклюзивті даму жобаларына серпін береді. Үшіншіден, Қазақстан БҰҰ күн тәртібінің жаһандық маңызға ие бағыттарын климат, әлеуметтік теңдік, білім беру, жасыл экономика Орталық Азияға бейімдеп, norm entrepreneur ретінде әрекет ете алады. Мұндай қадам, әрине Қазақстанның күшін нығайтатын болады», — деп қорытындылады маман.