Алматыдағы бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған «Ақсай» су бөгеті қала тұрғындарына қауіп төндіріп тұрған жоқ. Алып шаһар айналасындағы су айдындарының жай-күйімен танысқан Сенат депутаттары осылай деді. Жағдай қазір толық бақылауда. Десе де, тоқтап қалған су бөгетінің жұмысын тез арада аяқтау қажет, деді сенаторлар. Осы ретте «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары жобаны жандандырып, келесі жылы аяқтау жоспарланғанын жеткізді.
Ерболат Садырбаев, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысы:
Мердігер компаниясы өздерінің жұмысын дұрыс бағытта атқармағаннан кейін келісімшартымыз бұзылған. Алдағы уақытта жаңа мердігер компаниямен жұмыс істейміз деген үміттеміз.
Сенат депуттаттары Үлкен Алматы өзенінде орналасқан «Аюсай» бөгетіне де барды. Оның жоғары жағында 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, қаланың табиғи апаттан қорғалуын қамтамасыз етеді, дейді мамандар. Қазір мұнда бекеттің көмегімен жиналған судың жағдайын, оның арнадан асып кетпеуін бақылайтын ғылыми орталық бар. Мамандар зертханадағы қондырғылар арқылы судың температурасын, лайлығын назарда ұстап отыр.
Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:
Негізгі бағыттары су бөгеттерінің жұмысына және мореналық көлдерге байланысты, мұздықтардың еруіне байланысты, жалпы болашақта қалалардың, аймақтардың қауіпсіздігіне байланысты негізгі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айдана Қуантхан