Жетісу облысында қарақұрт қаптады . Улы өрмекшілер жер үйлерді қойып, көпқабатты ғимараттардың ішіне кіре бастаған, деп хабарлайды 24kz.
Күн жылығалы 21 адамды жәндік шақты. Оның 7-еуі бала. Зардап шеккендердің көбі Талдықорған тұрғындары. Қарақұртқа қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
Талдықорғандық Ирина Хаустова қарақұртқа қарсы түрлі әдісті қолданып көрген. «Бірақ нәтиже болмай тұр», - дейді.
Ирина Хаустова, қала тұрғыны:
- Кешкі уақытта бақшаға кіруге қорқып қалдық. Аулада ойнайтын немерелеріміздің денсаулығына алаңдаймыз. Басында бақшадағы жеміс-жидектің арасынан кездестіретінбіз. Қазір айнала толып кетті. Осыған дейін шамамен 20-шақтысын өлтірдім. Газ баллонымен күйдіріп жатырмыз. Улы жәндікті жоятын химиялық қоспа берілсе жақсы болар еді.
Жаз шыққалы қарақұрт шаққан 21 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Қалалық көпсаласы ауруханада 10 адамға көмек көрсетілді. Жағдайы ауыр 2 адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, қарақұрттың уына қарсы препарат жеткілікті. Ең бастысы – дер кезінде дәрігерге көріну керек.
Дәурен Күмісбеков, қалалық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Қарақұрт шаққан кезде ең басты белгілер – қарақұрт шаққан орны қызару басталады және екі немесе үш тесік пайда болады орындарында. Ең бірінші 5 минутта қарақұрт шаққан орындар ауырып бастайды. Кейін он минут аралығында уы денеге тарап, денеде ауыру сезімдері пайда болады. Айта кетерлік аурулар бел аймағында, іш аймағында кейін жүрек аймағына беріледі. Осы белгілер басталғанда сразу же медициналық мекемелерге келулеріңізді сұраймыз.
Қарақұрттың өзге жәндіктерден айырмашылығы – тез көбейеді. Аналығы бір маусымда мың жұмыртқаға дейін туады және жылы температурада 5 жылға дейін тіршілік етеді. Қазір өңірде күн ыссы. «Кез келген жерде жұмыртқасы кездесуі мүмкін», — дейді мамандар. Жалпы Талдықорғанда ерте көктем мен жаз ортасында және күзге салым жасыл-желек зиянкестерге қарсы өңдеуден өтеді. Қарақұрт қаптаған соң жоспардан тыс қосымша дезинсекция жүргізуге шешім қабылданды.
Алмас Барлыбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында конкурс шаралары өткізіліп мердігер компания анықталды. Келісімшарт жасалғаннан кейін жұмыстарды бастайтын боламыз. Қоғамдық орындарда, көшелерде дәрілеу жұмыстарын жүргеміз.
Ауа райын болжау қызметі: «Өңірде тамыздың соңына дейін күн ыстық болады», — дейді. Сондықтан тұрғындарға сақтық шараларын естен шығармаған абзал.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гульнар Жантасова, Куаныш Тургенбаев