Алматыдағы хайуанаттар бағында аптап ыстықта ақ аю аппақ қарға аунап жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Солтүстік полюстен жеткізілген хайуанды құтқару үшін генератор қойылды. Шіліңгір шілдеде 4 мыңнан аса жан-жануарды күннен қорғау үшін сан түрлі шара қолданылуда.
Алуа Ералықызы, тілші:
- Әлеуметтік желі кейіпкеріне айналған ақ аюдың аты – Пурга. Қазақшаласақ, Ақ боран болады. Оның торына қойылған қар генераторынан оқтын-оқтын ақ боран соғып тұрады. Соның арқасында ол өзін түп мекені Солтүстік мұзды мұхитта жүргендей сезінеді. Күн күйіп тұрса да, оның мекеніндегі ауа температурасы +15 градустан жоғарыламайды.
Юлия Дудкина, хайуанаттар бағының мал дәрігері:
- Алғашқы күндері қар Пурганы сәл шошытты, бірақ оған қазір үйреніп алды. Дегенмен, үнемі сонда жатады деп айта алмаймын. Негізінен күн қатты ысып кеткен кезде ғана қар үстінде жатқанын көреміз. Көбіне Пурга бассейнді ұнатады.
Бұл хайуанаттар бағында ақ бораннан басқа төрт мыңдай жан-жануар бар. Оларды да күннен қорғау үшін торларына су шашып, тоңазыған жеміс беріп, түрлі амал жасап жатыр.
Адам мен өзге хайуанға азап болған аптап ыстықта Африкадан әкелінген аң-құс пен маймылдар ғана рахаттанып жүр.
Шолпан Әбдібекова, Хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі:
- Мысалға, адам тәріздес шимпанземіз олар су бүріккіштерін жақсы көрмейді. Олар су бүріккіштер қосылған кезде өзінің мына жататын жайына қарай кетіп қалады, сол жерде тығылып отырады. Сондықтан біз оларды өшіріп тастаймыз. Әрине, жаз мезгілін жақсы көреді бұлар, өйткені жаз мезгілінде сыртқа шығады, көптеген адамдарды көреді.
Көктем, жаз мезгілінде аңдардың көбі түлейді. Алабажақ жануарларды көрген келушілер күтімі нашар екен деп адасады. Бақ мамандары: «Бізде бәрі жақсы, желіде үстірт пікір айтпауларыңызды сұраймыз», — деп отыр.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Кенже Амраев