Былтыр елімізге 15 млн-нан аса турист келді. Бүгінде 87 мемлекет үшін визасыз режим қарастырылған, 107 шет елдің азаматтары электронды түрде виза рәсімдеу мүмкіндігіне ие.

Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері екенін жиі айтады. Осы ретте елде халықаралық әуе қатынастары, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтілді. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету көзделеді. Премьер-министр меймандардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына да ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Мәселен, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілді. Енді бұл тәжірибені өзге аймақтарға кеңінен тарату қажет. Олжас Бектенов туристер үшін келген сәттен бастап бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ қонақ үйлер мен шетелдік меймандар жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейінің жоғары болуын міндеттеді.