«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары әшкереленді. Ол халыққа медициналық қызмет көрсету үшін бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде ұрлады деген күдікке ілінді, — деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің бүгін хабарламасы тарады. Ол жемқорлық әрекеттерге акционерлік қоғамның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен барған. Көрсетілмеген медициналық қызметтерді «көрсетілді» деп толтырған. Күдікті қамауға алынған.
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырыстары аяқталды. 9 айыпталушыға үкім шықты. Судья Ержан Жанұзақов прокурорлар сұраған жазаны берді. «Адам өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу», «Бұзақылық» баптары бойынша Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айырды. Қалғандарын 7 жылдан 20 жылға дейін түрмеге кесті. Кәмелетке толмаған Д.Ысқаққа бір жарым жыл берді.
Сонымен бірге судьяның үкімі бойынша Шынасыл Абзалдан жәбірленушілерге — 60 млн теңге, Сакиевтен 30 млн теңге, басқа сотталушылардан 30 млн теңге өндіріледі. Кәмелетке толмаған сотталушы моральдық өтемақыдан босатылған.
Сот куәгерлер Нұрбекова мен Жақсыкелді, Қазакенова мен Рузбакиеваның әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру жөнінде жеке қаулы шығарды.
Бейсенбіде үкім оқылғаннан кейін сотталушылар өздерін оқшаулаған кабинаны ұрғылап, туыстары жылап, айғайлап, сол жерді басына көтерді. Жәбірленуші тарапты мансұқ ететін сөздер айтқандарына сөз жоқ...
Шерзат Полаттың отбасы іс «ұйымдасып адам өлтіру» ретінде қаралуы керек еді деп санайды. Дегенмен үкіммен келісетіндерін айтқан.
Сотталушылардың Шерзат Полатқа пышақ жұмсап, өлімші болып жараланған оны теуіп, басынан ұрғандары, одан кейін көліктегі әңгімелері, уақытша қамау изоляторындағы «бешірлеткендері», соттағы өздерін ұстағандары, Шерзаттың өліміне орай «бұйрық боп тұр деп ойлаймын, бәрі Алланың қалауымен» деу, ата-аналарының пайымы ауыр ойларға жетелейді. Қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаттарынан өмір сүру салты, оны қадағалайтындардың сыйқы – көп мәселе кедір-бұдыр, шұрық-тесік және беті көл болып жататын жолдарымызды елестеді. Сот-медицина сараптамасының мамандары егер медициналық көмек бірден көрсетілгенде, жасөспірімді ажалдан аман алып қалуға болар еді деген еді.
Амангелді Сейітхан таразылайды.