Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында тауарлар сатып алу көрсеткішінде отандық өндірушілерді қолдау керектігін жеткізді.
«2025 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша энергетикалық сектордың жер қойнауын пайдаланушыларының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 1,1 трлн теңгені құрады, оның ішінде елішілік құндылық 680 млрд теңге немесе 60,2% болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша энергетикалық сектордың жер қойнауын пайдаланушыларының тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 6,1 трлн теңгеге тең. Оның ішінде елішілік құндылық үлесі 3,8 трлн. теңгені немесе 61,9 %-ды құрады. 2024 жылы тауарлардағы, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылықтың оң өсуі сақталды. Сатып алулардың негізгі үлесі ТШО, ҚПО және НКОК-қа тиесілі – 62%, Самұрық-Қазынаға 23%-ы тиесілі және қалған жер қойнауын пайдаланушыларға 15%-ы тиесілі», – деді Энергетика министрі.
Премьер-министр Олжас Бектенов осы бағыттағы әлеует толығымен әлі ашылған жоқ екенін баса айтты.
«Оны өздеріңіз білесіздер. Екінші слайдты қойыңызшы. Тауарлар бойынша 23-ақ пайыз. Әсіресе, ірі жобалар бойынша осындай мәселе бар. Мен олармен кездескенде үнемі қазақстандық кәсіпорындарды тарту керек, елішілік құндылықты арттыру керек деп айтып отырамын. Ал сіздер әрі қарай оны бақылауға алып, аяғына дейін жеткізулеріңіз керек», – деді Үкімет басшысы.