Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұралап қалған Қарлан көпірі қайта салынып жатыр. Жыл басында жаңа мердігер анықталып, Сырдарияның үстімен өтетін өткелдің орнында қазір құрылыс қарқын алған. Оннан аса елді мекеннің халқы көптен күткен нысан қашан аяқталады?
Әділбек Серікұлы тілші:
3 жылда үш тіреуіші ғана тұрғызылған Қарлан көпірінің құрылысы қайта қолға алынды. Сырдарияның арғы бетінде қоныс тепкен 15 мыңға жуық халық енді ел үшін маңызды жобаның уақытында аяқталуын тілеп отыр.
Сыр беткейдегі жұрт аудан орталығына қалқымалы көпір арқылы қатынап, жылдар бойы жол азабын тартып келеді. 2022 жылы жаңа өткелдің алғашқы іргетасы құйылып, тұрғындар ерекше қуанып еді. Бірақ көптің қуанышы ұзақа созылмай көпірдің құрылысы тоқтап қалды. Биыл жоба қайта қаралып, жаңа мердігер келді. Бүгінде ауыл ақсақалдары апта сайын жұмыс барысын өздері бақылап жүр.
Қашқынбай Нысанов, ауыл тұрғыны:
Былтыр бітуі керек еді. Не істеп жатыр екен деп өткен сайын қараймыз. Бұл құрылыс бүкіл халықтың қарап отырған үміті.
Өткелбай Жолмырзаев, ауыл тұрғыны:
Бұл көпір қатынасқа қажет. Дария тасыған кезде патонды алып тастады. Халық 10 күндей зардап шекті.
Жоба бойынша ұзындығы 250, ені 9 метр болатын көпірдің үш жылда небәрі 20 пайызы ғана салынған. Сондықтан ауқымды іс жаңа мердігерге қалды. Қазір мамандар өзен табанына темір-бетон тіреуіштерін құйюға дайындық жүргізіп жатыр.
Айбек Айтөреев, жоба жетекшісі:
Қазір технологиялық алаң жасап жатырмыз. Қалып қойған 13 свайды құямыз. Жеткілікті техниканың бәрі бар. Бір айдың ішінде тағы да 70-80 адамға дейін аламыз.
Жалпы «Қарлан» көпірінің құрылысын жалғастыруға мемлекет қазынасынан әзірге 750 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Мердігердің атқарған жұмысына қарай бұл сома әлі де ұлғая түседі. Халық асыға күткен өткелді жыл соңына дейін ақтап ел игілігіне беру көзделген.
Әділбек Серікұлы