Рұқсат беру тәртібі енгізіледі.


Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін қоғамда қауіпсіздікке деген тұрақты сұраныс бар. Жолда да аулада да цифрлық ортада да әр адам өзін қауіпсіз сезінгісі келеді. Заң жобасы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ол үшін жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру салаға заманауи цифрлық құралдарды енгізу және цифрлық ортада адамның қауіпсіздігін күшейту көзделіп отыр", – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Осыған байланысты заң жобасында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады, автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады.

"Атап айтқанда, автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Ол үшін "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңға өзгерістер енгізіледі. Рұқсат алу үшін автомектепте қажетті материалдық-техникалық база, оқу алаңдары, оқу көліктері және білікті оқытушылар болуы тиіс. Рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімі құрылуы ұсынылады. Бұл тізілім рұқсат алғаннан кейін оқу ұйымдарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Тізілімді жүргізу Ішкі істер министрлігіне беріледі", – деп атап өтті депутат.

Бұдан бөлек медициналық мәліметтердің кейбір түрлерін Ішкі істер министрлігінің деректер базасына енгізу қарастырылып отыр.