Бүгін – бітімгерлер күні. Соңғы жеті жылда 800-ге жуық әскери қызметкер жеті халықаралық бітімгершілік миссиясына қатысқан. Сарбаздар Ливанда, Батыс Сахара, Орталық Африка, Конго мемлекеттерінде қақтығыс ошақтарында қызмет атқарды. Қазіргі уақытта 158 жауынгер жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ат саласып жүр. Олардың басым бөлігі – Голан жоталарында. Әлемнің әр түкпіріндегі ел азаматтарының тілегі бір. Ол — бейбітшілік пен тұрақтылық.
Сухраб Аппазов – БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына қатысқан тұңғыш қазақстандық әскери қызметкер. Ол осыдан 7 жыл бұрын Израиль мен Сирия арасындағы даулы аймақта болып, алты ай қызмет еткен. Басын қатерге, кеудесін оққа тосқан жауынгер былтыр да аянып қалмай, Таяу Шығысқа аттанып, қақтығысты реттеуге, бейбітшілікті сақтауға ат салысты.
Сухраб Аппазов, подполковник:
13 ай ішінде бір тоннадан астам жарғыш заттар жойып, аймақты базамен бақылау, посттарды күшейту тапсырмаларын орындадық. Басшылықты сүйемелдеу және басқа да эвакуацияда тапсырмаларын орындадық. Оның ішінде атыс дайындығы, жүргізуші дайындығы, машина жүргізүші дайындығы кіреді.
Сухраб Аппазовтың бітімгершілік миссиясындағы жолы оңай емес. Ол өзіне жүктелген міндетпен қоса, елден барған әр жауынгердің өміріне жауапты.
Шыңғысхан Нұрғазы, С.Аппазовтың әріптесі:
Сухраб ар-намысты бәрінен биік қояды. Ол – жетекші ретінде де, офицер ретінде де өз ісінің хас шебері. Әскери институттан бері бірге қызмет етіп келеміз. Оған деген құрметім шексіз.
Қорғаныс министрлігі бітімгершілік миссиясына әскерилерді кезең-кезеңімен іріктейді. Жауынгердің кәсіби шеберлігі мен физикалық, психологиялық дайындығын назарға алады. Содан соң, ағылшын тілінің деңгейіне басымдық береді.
Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің вице-министрі:
Штабтық офицерлер штабтық процедураларға қатысады. Бақылаушы офицерлер бақылау посттарында бейбітшіліктің, бейбіт өмірдің болуын қадағалауға қатысады. Әскери қызметші барып келгеннен кейін, ҚР Қарулы Күштерінің алтын қоры болып есептеледі. Ендігі мақсатымыз – оның географиясын ұлғайту, санын ұлғайту, жоғары дәрежеге жету.
Елден жырақта әскери борышын қалтқысыз атқарып жүрген жауынгерлердің еңбегі ерлікпен пара-пар. Бүгінде қазақ бітімгерлерінің кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі әлем алдында жоғары бағаға ие.
Айдана Қуантхан