Бабын тапса, балық та байлыққа батырады. Ал демеу қаржы — соның ең маңызды қадамы.

Биыл салаға 3,5 млрд теңге субсидия бөлінген. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 7 есе көп. Нәтижесінде су маржанын қолдан өсіруге енді ғана сұраныс артып, бәсеке қалыптаса бастады. Қазір мұндай кәсіп түрімен 650 шаруашылық айналысып жатыр. Қызылорда облысының өзінде 30 жылдан бері игерілмеген Басықара тоғаны қайта жаңғыртылды. Енді мұнда тұқы, сазан, ақ амур және дөңмаңдай өсіріледі.

Қуаныш Өмірзақов, кәсіпкер:

- Осы жерде 462 гектарды барлығын игеруіміз керек. 2027 жылы инкубационды цех түседі. Инкубационды цехта өзіміз аналығынан, аталығынан алып, сол жерден уылдырық шайқап, балықты шығарамыз.

Былтыр елде балық өсіру және өңдеу жобаларына арналған бюджеттік несие қарастырылды. Соның аясында 7 жаңа бастама қаржыландырылған. Ал Каспий теңізінде майшабақ аулау лимиті 8 мыңнан 33 мың тоннаға дейін үлғайтылды. Балық аулаушыларға порттық қызметтер үшін 70 пайыз жеңілдік беріледі. Каспийде алғаш рет теңіз форелі қолдан өсірілгелі жатыр. Албырт тұқымдас балықтың бұл түрі негізі Атлант мұхиты, Балтық пен Қаратеңізде ғана тіршілік етеді.

Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:

- Қазіргі таңда соның 3 қоршамын орналастырып қойды. Алтауға дейін жеткізіледі. 2027 жылға дейін 5 мың тонна теңіз фарелін өсіреді. Каспий фарелі дегеніміз импортты алмастырушы балық болып табылады. Қазір біздің импорттайтын балығымыздың көлемі 56 мың тонна болса, соның бір бөлігін осы балық түрі алмастыратын болады.

2027 жылға қарай балық импорты 67 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Ал көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою үшін е-fish ақпараттық жүйесі енгізілді. Онда ауланған балық тұтынушыға жеткенге дейін барлық саты көрсетіледі. Яғни ветеринария, прокуратура, кеден сияқты қызмет түрлері бар.

Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:

- Балық қай жерден шыққаны туралы анықтама болған жағдайда ветеринарлық анықтама берілетін болады. Егер ол болмайтын болса, ветеринарлық анықтама берілмейді. Бұл жерде адами кездесу факторлары жойылған. Тек ақпараттық жүйеде барлығы көрініп отырады.

Ел аумағындағы су айдындарының 20-сы республикалық және халықаралық, ал 3 мыңға жуығы жергілікті маңызға ие. Резервтегі балық ресурстарын қадағалау үшін 11 өңірдің әкімдіктері жанынан арнайы ұйым құрылды. Ал қалған аймақтарда келесі жылы жасақталуға тиіс.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап