Алматыда ішкі және халықаралық әуе рейстері кешігіп жатыр. Кешеден бері қар толассыз жауып тұр. Жолаушылардың бірі ұшағын 30 минут күтсе, енді бірі 19 сағат тосуға мәжбүр болды.

Кейбір рейстердің уақыты кейінге шегерілді. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшу-қону жолақтары мен перрондар қардан үздіксіз тазартылуда. Сондай-ақ әуе кемелеріне мұзға қарсы сұйықтық себілуде. Адамдардың қауіпсіздігі басты назарда. Сол себепті ұшақтарды қондырып-ұшыру туралы шешім метеожағдайды ескере отырып қабылданады.

Жолаушыларға авиакомпанияларға хабарласып, әуежай сайтынан рейс уақытан алдын ала біліп отырған абзал. Синоптиктердің мәліметінше, Алматыға жарты айлық қар түскен. Қазір коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Қар тазалауға 3 мыңға жуық адам мен 75 шұғыл бригада жұмылдырылды. Полицияның хабарлауынша кеше кешкі сегізден таңғы алтыға дейін 58 жол апаты болып, тоғыз адам жарақат алған. Тәртіп сақшылары тұрғындарды жол ережелерін сақтап, абайлап жүруге үндеп отыр.