Қолға алынған жүзге тарта жобаның жартысына жуығы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енген .
Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы серпінді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймақ басшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Жаңа облыстың орталығы болғалы Семейдің де шырайы кіріп қалды. Ал «Ақылды қала» бағдарламасы қарапайым халықтың өмір сапасын арттырып, үдерістерді автоматтандыруға мүмкіндік бермек. Оның аясында жоспарға алынған 27 жобаның жетеуі іске қосылды. Семей ғана емес, ауыл-аймақ та сапалы интернетпен қамтылады.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Келесі жылы Абай облысы ауылдарының интернетке қолжетімділігі 96 пайызға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, республикалық және облыстық автожолдар бойындағы антенна-діңгек құрылысы 2027 жылы толық аяқталады.
Елді мекендерге таза су қажет. Осы орайда аймақта 6 су қоймасы салынады. 10 гидротехникалық құрылысты және 17 ирригациялық жүйені қайта жаңарту жоспары бар.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Жыл соңына дейін 33 жоба жүзеге асырылып, ауыз сумен 38 мың адам қамтылады. Нәтижесінде облыстың сумен қамтылу деңгейі толық шешеміз. Су желілерінің тозуын азайту мақсатында биыл 4 жоба аяқталып, тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Келесі жылға 24 су желілерін қайта құру жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.
Жылу желілерінде анықталған ақауларды жоюға биыл 12 млрд теңге бөлінді. Бір ғана Семейде 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13 шақырым желі ауыстырылды. Сондай-ақ 2029 жылға дейін жаңа жылу электр орталығы пайдалануға беріледі. Оның қуаты – 1000 Гкал, ал электр қуаты 360 МВт болмақ.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Аягөз қаласында да жылу тапшылығы проблема болды. "Орталық" қазандығында әрқайсының қуаты 10 Гкал/сағат болатын үш қазандық орнатылды. Сонымен қатар 3,9 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Мұндай ауқымды жұмыс Аягөзде бұрын-соңды болмағанын айта кетуіміз керек.
Аймақта туристік маршруттар бойынша жол инфрақұрылымын жетілдіру маңызды. Мәселен, Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр. Бұл жағалау облыс құрылғалы жөндеу көрмепті. Биыл жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 1 млрд теңге бөлінді.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Жағалауды дамытудың негізгі жобаларының бірі Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде.
Ал Семейдің түлеуіне өңірлер де үлес қосып жатыр.
Мерей Мұратханқызы