Жаңаарқада 500 табақ ет тартылып, Қазақстан рекорды жаңартылды . Одан бөлек жергілікті тігіншілердің қолынан шыққан 500 шапан халыққа үлестірілді. Бұл шара да рекордтар кітабына тіркелді.

Жалпы бұған дейін де осы өңірде бір мезетте 1000 күбі пісіп, Гиннестің рекордтар кітабына жазылған еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақтың салт-дәстүрі мен қонақжайлығы арқылы туристерді қызықтыруға болады.

Қазақ шапаны жылдан-жылға заманауи үлгіде жаңарып келеді. Ал Жаңаарқа өңірінде атадан мирас болған ұлттық киімнің қайырма жағалы, кең етекті бірегей үлгісі өзгерген емес. Көк тумен түстес 500 шапанды тігуге 17 шебер қатысты. Солардың бірі –Жансая Төкенқызы.

Жансая Төкенқызы, тігінші:

- Жаңаарқада кез келген үйге кірсеңіздер жоқ дегенде 2-3 шапаннан бар. Біз есік алдына күрте орнына киіп кетеміз. Көшеде осымен жүре береміз. Тойға да киіп кете береміз. Галстукпен де тағып кете береміз.

Тігіншілер қолынан шыққан шапандар «Күзгі орда» фестиваліне жиылған көпшілікке таратылды. Олардың қатарында шет елден келген туристер де бар. ГИНЭС өкілі елде алғаш рет ұйымдастырылған жобаны Қазақстандық рекордтар кітабына тіркеді.

Нильгуль Буздемир, турист:

- Жаңаарқаға отбасылық жағдаймен келген едік. Тойдың үсінен түстік. Құтты қонақ деп иығымызға шапан жауып жатыр. Өте әдемі тігілген. Біз бұл шапанды енді Түркияда насихаттайтын боламыз.

Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:

- Шапан деген қазақтар үшін таңсық нәрсе емес. Бірақ, бұл Жаңаарқаның шапандарының ерекшелігі тек Жаңаарқада тігілетін сондай өзінің үлгісі бар. Сол 500 шапанды тігуге 17 тігінші қатысып, бір күнде, бір жерде осы 500 шапанды халыққа ұсынды. Бұл деген бұрын соңды Қазақстанда болмаған нәрсе.

Фестиваль кезінде тағы бір қазақстандық рекорд тіркелді. Бір мезетте 500 табақ ет тартылып, арқаның табақ тарту рәсімі көрсетілді. Шараны ұйымдастырушылар «Негізгі мақсатымыз – ұлттық киім мен дәстүрге құрмет көрсету», — дейді.

Қайсар Сейпішев, фестиваль ұйымдастырушы:

- Бұл жердегі ең негізгі мақсат — туристерді шақыру. Шапанымызды кіргізіп жатырмыз рекордқа. Оның үстіне 500 табақ ет әлемдік іс шара ретінде көрсетіп алайық, сосын осындай жасалды деп рекорд орнатқан Жаңаарқа деген мақсатпен көруге барша туристерді шақыруға құқылымыз.

«Күзгі орда» фестивалі – берекенің, тоқшылықтың белгісі. Дегенмен, ысырапқа жол берілмейді. Табақ-табақ ет түгел асылмай, шикідей тартылды. Рекорд ресми тіркелген соң 4 тонна ет қайырымдылық негізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға және балалар мен қарттар үйіне таратылды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев