Мемлекет басшысының білім саласын жаңғырту тапсырмасына сәйкес, елімізде жаңа форматтағы «Келешек мектептері» бой көтеріп жатыр.
Солардың бірі Тараздағы №67 мектеп. Білім ұясында қаракөздеріміз ұлттық тәлім-тәрбиеге қанығып, кәсіптік қабілеттерін шыңдайды.
Іші-сырты сыңғырлап тұрған бұл білім ордасында балалар алаңсыз білім нәрімен сусындайды. Мектеп замануи оқу құралдары, IT кабинеттер, түрлі зертханалармен толық жабдықталған. Көкөрімдер таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық тәрбиеге қанығады. Ал инновациялық сабақтарда қиялына ерік беріп, технология тілін меңгереді.
Айжан Нұрабаева, бастауыш сынып мұғалімі:
- Қазіргі білім беру саласындағы негзігі мақсаттардың бірі адал, ұлтжанды, жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықты меңгерген азамат қалыптастыру. Осы орайда, біздің Келешек мектептеріндегі "Адал азамат — біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Оқушының жан-жақты дамуына, оқушының Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, білім алу негізгі мақсат.
Мектеп директорының айтуынша, оқушылар алған білімін болашақта кәдеге жаратуы тиіс. Осы мақсатта ерте кәсіптік бағдар беру жобасы қолға алынды. Яғни 5-сыныптан бастап арнайы мамандар мен психологтар әр баламен жеке дара жұмыс істейді. Осылайша оқушы қалаған саланы терең түсініп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады.
Мұрат Тұрысбек, №67 мектеп директоры:
- Келешек мектебі құрылғалы бері мектеп әкімшілігі, қамқоршылық кеңес және өзгеріс енгізу тобы шығармашылық ұзстаздардан құрылған 3 тараптан "Жетістікке жету жолдары" атты дамыту бағ-сын 5 жылға жасап шықтық. Сол жердегі негізгі миссиямыз — дағдылары дамыған білім алушыларды көшбасшы ұстаздар арқылы үлкен жетістікке жетелейміз.
Сапалы білім, ұлттық құндылық, озық технология. Осы үш таған Келешек мектептерінің негізі. Еліміздің болашағына қызмет ететін жастардың қалыпастуына ықпал ететін маңызды орта, дейді сала мамандары.
Назерке Тоқжан