Сталкингке қарсы заңның негізі 35 жыл бұрын АҚШ-та қаланған. Оған дейін оны қылмыс емес, қоқаң-лоқы не бұзақылық деп қарастырып келген, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде алпауыт мемлекетте елу штат заңын күшейтсе де мәселеге қатысты ахуал жақсармай тұр.

1989 жыл. Лос Анжелес. «Өкіл әке» не «Крестный отец» фильмінің үшінші бөлімі түсіріліп жатқан кез. Сол кинотуындының 21 жастағы актрисасы Ребекка Шеффер сталкер Роберт Джон Бардоның қолынан қаза табады. Қылмыскер Ребекканың мекенжайын табу үшін адам жалдап, аңдып, үйіне келіп, оқ атқан.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Осы жағдай ел арасында кең таралып, 1990 жылы әлем бойынша алғаш рет Калифорния штатында сталкингке қарсы заң қабылданды. Оған дейін арнайы қылмыс ретінде танылмаған қаскөйлікті екі жыл ішінде АҚШ-тың елу штаты түгел заңсыз деп таниды. Бұл ары қарай Канада, Ұлыбритания, Австралия мен Жапонияға тарайды.

Cталкинг жайлы заң қабылданғалы 35 жыл өтсе де, құрбандарының саны АҚШ-та да айтарлықтай азаймай тұр. Әділет бюросының мәліметінше, елде жыл сайын 16 жастан асқан 3 млн адам сталкингке душар болып келеді. Әр үшінші әйел мен әр алтыншы еркек осы санатта. Аңдығандардың 82%-і нысанасын танитын адамдар болса, тек 10%-і бейтаныс, кездейсоқ кісілер деп сипатталған.

Заң баптарында сталкингпен ұсталған адам қауіп төндірмеген жағдайда бір жыл бас бостандығынан айырылады. Ал зақым келтірсе, нысанасы кәмелет жасына жетпеген болса, қылмысты қайталаса, 5 жылға дейін абақтыға қамалады. Ауыр жарақат пен кісі қазасында бұл мерзім 20 жылға дейін жетуі мүмкін.

Ескеретін бір жайт – АҚШ-та 2004 жылдан бері қаңтар айы жыл сайын сталкинг бойынша ақпарат таратып, басыңызға қатер төнсе қайтпек керек деген бағытта ағарту жұмыстары жүргізілетін айға айналған. Себебі құзырлы органдар: «Сталкинг кезінде құрбандар оларға бірден жүгінбей, уақыт жоғалтып, жағдайды ушықтырып алады», - деп дабыл қағып отыр. «Cондай-ақ дәлелдің жеткіліксіздігі де сталкердің құтылып кетуіне ықпал ететіндіктен, мүмкіндігінше куәгерлер мен дәйектердің болуы сот барысында арызды салмақты етеді», - дейді.

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Алайда цифрлық технологиялар дамыған сайын ахуал ушығып, киберсталкинг пен кибербуллингке ұласқан оқиғаларға тұсау салу оңай болмай тұр.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг