Фото: Depositphotos.com
Осы салада тағы бір жаңашылдық бар. 30 қыркүйектен бастап онлайн-қарыз алмас бұрын «ойлануға» уақыт беріледі. Яғни ақша бірден аударылмайды. Енді онлайн-қарыздың алдында «шешім қабылдау» кезеңі енгізіледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Мұндағы мақсат – тұтынушыға несие алмас бұрын бәрін пысықтап алуға мүмкіндік беру. Бұл тәсіл аңғал азаматтарды алаяқтардың арбауынан аман алып қалуға да септігін тигізбек.
Мәселен, банктен 589 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін онлайн қарыз алу үшін 8 сағат, ал 1 млн теңгеден көп қарыз рәсімдеу үшін «шешім қабылдауға» 24 сағат беріледі. Сонымен қатар, онлайн микрокредит сомасы 294 мың теңгеден асса да бір тәулік күту керек. Осы күту кезеңі өткен соң, кредит беруге келісімін алғаннаннан кейін ғана ақшаны аударуға рұқсат етіледі.
Дмитрий Акмаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі:
- Егер азаматтар осындай несие алатын болса, 24 сағатқа дейін «шешім қабылдау» кезеңі белгіленеді. Осы аралықта банк бұл алаяқтардың әрекеті емес пе, қарыз алушы шынымен де өз еркімен несие рәсімдеп жатыр ма соны анықтайды. Бірақ банк пен клиент арасында келісімшарт жасалып тұрады, ал ақша тексерістен кейін ғана аударылады.
Егер қарыз алушыға 1 күнде жалпы сомасы осы көрсетілген шектен асатын бірнеше кредит берілсе, банктер мен микроқаржы ұйымдары «шешім қабылдау кезеңін» сақтауға міндетті. Бірақ бұл талап тауарлық несиелерге, ішкі қайта қаржыландыруға қолданылмайды. «Шешім қабылдау» кезеңі тек онлайн-қарыздарда пайдаланылады. Ал егер несие қаражаты шұғыл түрде қажет болса, азаматтар кез келген уақытта банктің немесе микроқаржы ұйымының бөлімшесіне барып, қарызды «ойланбай-ақ» ресімдей алады.