Қостанай облысының бірқатар ауылдарында ауыз судың бағасы алтынға пара-пар. Бұған себеп мемлекеттен тиесілі субсидияның төленбеуі. Дәл қазіргі уақытта 18 елді мекен суға субсидия күтіп отыр. Бұл тек бюджеттік өтінім құжаттарын тапсырғандар ғана. Ал құжаттарын өткізе алмай, мемлекеттен көмек қаржыны бірнеше жылдан бері ала алмай жүргендер саны қанша екені беймәлім.

Зәуреш Темірбекова Әулиекөл ауданына қарасты Октябрь ауылында тұрады. Жергілікті жұрт ауыз судың бір текше метріне 704 теңге төлеп отыр. Есептеуіш құрылғыларын орнатқан тұрғындар үшін ай сайынғы төлем тіпті қымбат.

Зәуреш Темірбекова, Октябрь ауылының тұрғыны:

Енді ауыл болған соң күн көру керек, бау-бақша егеміз, мал ұстаймыз дегендей. Осы жолы 37 куб шықты менде. Енді тағыда сұраймын, қашан болады мына субсидия? Күтіңдер, болады дейді. Қостанайға қағаздарды, құжаттарды жинап жатырмыз деді. Міне, екі жыл болды.

Осыдан екі жыл бұрын Бейімбет Майлин ауданы Красносельский ауылына орталықтандырылған су желісі тартылған еді. Бұған дейін тұрғындар судың текше метрі үшін 918 теңге төлеп келген. Онсыз да ауыл адамдарының қалтасына ауыр тиіп келген баға сәуір айында тағы 1420 теңгеге көтерілген.

Сәуле Мұқанова, Красносельский ауылының тұрғыны:

Көпбалалы аналарға өте қиын ғой. Мысалы, 7 бала болса, 7 баланың киімін жуу оңай емес. Бір адамның киімін жуғанның өзінде біраз су кетеді. Оның сыртында бақшаларымыз бар. Бақшаны енді еге алмадық судың қымбаттылығына байланысты. Аз-аздап, шағындап ектік. Бұрынғыдай еге алмаймыз.

Донас Жақсылықов, Бейімбет Майлин ауданының ткшб басшысының міндетін атқарушы:

Осы алдыңғы аптаның жұма күні нысан мен құрылғылардың Красносельский су құбырының техникалық аудитін жасадық. Қазіргі таңда құжаттары дайын. Бір-екі күнде субсидияға құжаттарды тапсыратын боламыз. Ол субсидия дегенде бір-екі күнде бітетін шаруа емес. Ол жарты жылдан бір жыл, бір жарым жылға дейін уақыт алуы мүмкін.

Өткен жылы облыста бұл мақсатқа 2,1 млрд теңге бөлініп, 132 елді мекеннің ауыз суы субсидияланған еді. Энергетика басқармасының мәлеметінше, биыл әзірге 18 елді мекен өтінім беріп үлгерген. Ол үшін бюджеттен 60 млн теңге қаражат қаралды. Ал қалған Красносельский, Октябрь сынды ауылдар құжаттары түгенделген соң ғана бюджеттік өтінімге ілігеді.

Азамат Сабыржан, Қостанай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары:

Биыл су кодексіне жаңа талаптар енгізілген болатын. Соған байланысты, Құрылыс министрлігімен қағидалар қайта қаралып жатыр. Жаңадан кіретін елді мекендер субсидиялауға осы қағидалар арқылы тіркеліп, содан кейін субсидиялау жұмыстары қаралатын болады.

Биыл облыста 37 елді мекенге су құбыры тартылып жатыр. Осылайша облыс жұрты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады. Алайда субсидия мәселесі шешілмей, бағаның шектен тыс қымбат болуы тұрғындарды тығырыққа тіреп отыр.

Мәдина Нағашыбай