Түркістан облысының Шардара аудандық білім бөлімінде бюджет қаражатының шамамен 3,7 миллиард теңгесі жымқырылды деген айыппен 15 адам сотталды. Олардың бірі амнистияға ілініп босатылды, сегізі сот залынан қамауға алынды, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты білім бөлімі басшысы Ақшагүл Бердіәлиеваны және оның қарамағындағы қызметкерлерін кінәлі деп тапты. Үкімді тыңдауға ондаған адам келді.

Басты айыпталушы – Бердіәлиева. Сот оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сегіз бухгалтер жеті жылға сотталды.

«Шардара ауданының білім бөлімі басшысына 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бухгалтерлерге – 7 жылдан», — деді судья Даурен Мадалиев.

Бөлім басшысының міндетін уақытша атқарған үш адам қызметке салғырт қарағаны үшін кінәлі деп танылды. Төрт айыпталушы амнистияға ілінді: олардың бірі келтірілген шығынды толық өтеген, ал үшеуі зейнет жасына жеткен. Кәмелетке толмаған балалары бар екі әйелге жазасын бес жылдан кейін өтеу құқығы берілді. Ал айыпталушылардың бірі тергеу барысында қайтыс болды, алайда сот оның да кінәсін анықтады.

«Қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне өтті. Олардың қатарында 20-ға жуық жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ сауда орталығындағы зергерлік бөлім бар», — деді судья.

Сот залында айыпталушылардың реакциясы айқын байқалды: көбісі көз жасын тыя алмады.

Сот дерегінше, шығынды тек кейбір айыпталушылар ғана ішінара өтеген. Әрбірінің иемденген қаражаты 22-ден 200 миллион теңгеге дейінгі соманы құраған. Жәбірленуші тарап өтемді азаматтық талап арқылы қайтаруды көздеп отыр.

«Мен сот шешімімен келіспеймін. Ол ештеңе алған жоқ. Біз апелляцияға береміз», — деді айыпталушының күйеуі Құдайберген Маханов.

Тергеу шамамен бір жылға созылды. Іс материалдары 730 томнан тұрды. Жалпы, облыстың сегіз ауданында білім бөлімдері қызметкерлерінің шамамен 12 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырғаны бойынша күдік бар.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.