Өскемендегі жасыл желек күз келмей жатып қурап жатыр. Тіпті былтыр абаттандырылған жаңа жағалаудағы көшеттер де сарғайып кеткен, деп хабарлайды 24kz.

Гүл, ағаш көмкеріп тұратын шаһардың мұндай күйге түсуі тұрғындарды алаңдата бастады. Экологтар қаланы көгалдандыру мәселесін түбегейлі шешу үшін жеке кәсіпорын құру керек деп санайды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл – Өскеменнің ішімен өтетін Үлбі өзенінің жағасы. Былтыр абаттандырылып, серуендейтін аумақ ретінде қолданысқа берілген. 100 түп тал да егілді. Бірақ көшеттер сол егілген қалпы қалған сыңайлы. Қазір қурап, маңайын арамшөп жайлап барады. Бір өкініштісі, сүреңі кеткен мұндай жер шаһарда жетіп артылады.

Қаланың іші қураған ағашқа толы екеніне көп қыдырмай-ақ көз жеткізуге болады. Мінекей, мынау Жібек Маталар ықшам ауданындағы қайың көшеттері егілген жер.Бұл көшеттердің де түбіне су тимегелі біраз болған сияқты.Мінекей, әлден сарғайып, түртіп қалсаң жапырақтары сусылдап түсіп жатыр.

Көшелер мен аяқ жол бойындағы ағаштардың сәні кетіп, жалаңаштанып тұрғанын жергілікті жұрт та байқаған. Олар өндіріс орны көп, экологиясы нашар қаланы көгалдандыру мәселесінің ақсап тұрғанына алаңдаулы.

Блиц 1:

- Еккендері осы енді, кім біледі енді, неғып оны суармаған екен. Кейін суғарып кетсе жақсы болар еді.

Блиц 2:

- Уақытында суғарылмаған, кеуіп қалған, бәрі қурап кеткен.

Блиц 3:

- Алты жыл болды біз көшіп келгелі білмеймін, біз келгенде осындай болатын, алты жылда алты тал ексе де жайқалады ғой.

Биыл қала аумағына 4 мыңға жуық түп көшет егілді. Алайда олардың да жайқалып кетуі екіталай. Себебі Өскеменде егілген өскіндерді баптап-күту қала тазалығымен айналысатын кәсіпорынға жүктелген. «Бар гәп осында», - дейді экологтар. Шаһар мәуелі ағашқа, саялы бақпен гүлзарға толу үшін тек осы сұрақпен шұғылданатын жеке кәсіпорын құру қажет.

Дәулет Асанов, эколог:

- Жеке квазикәсіпорын ашу керек, ол сол көгалдандыру абаттандырумен одан соң парктерді басқарумен айналысады, ал екінші бір вариант жеке кәсіпорынға конкурс жүйесі ретінде басқаруға тапсыру бірақ алдын ала оған талаптарды жазып беру керек.

Мамандардың айтуынша, дендрологиялық жоспар құру маңызды қадамдардың бірі болады. Қазір бұл құжат атымен жоқ, оны рәсімдеуге қаражат қарастырылмаған.

Диас Рамазанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жалпы Өскемен қаласының дендрологиялық жоспары әзірлену керек, алайда қаражаттың жоқтығына байланысты, дендрологиялық жоспар әзірге әзірленбеген.

Сарапшылардың пікірінше, дендрологиялық жоспар жасауға шамамен 100 миллион теңге керек. Оған қала бюджетінің қауқары жетпейді. Сондықтан бұл жұмысқа тек келер жылы облыс қазынасынан қаражат бөлінуі мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин