Қордың 2025-2026 оқу жылында білім гранттарын беруге арналған бюджеті 4,3 миллиард теңгеге тең.
2025-2026 оқу жылында "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры талапкерлерге 500 білім беру грантын бөлді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Бағдарлама шартына сәйкес, білім грантына келесі талапкерлер үміткер бола алады:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жарақат алған балалар.
Ескерту: Бағдарламаға 29 жастан асқан азаматтар қатыса алмайды.
"Білім беру гранты бір реттік тәртіппен атаулы грант негізінде ұсынылады. Бұл грант жоғары білімі бар тұлғаларға, сондай-ақ республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен "бакалавр" дәрежесін алу үшін мемлекеттік білім беру гранты тағайындалған тұлғаларға екінші жоғары білім алуға және онлайн-оқуға берілмейді", – делінген министрліктің хабарламасында.
Ал "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, қордың 2025-2026 оқу жылында білім гранттарын беруге арналған бюджеті 4,3 миллиард теңгеге тең. Ал студенттерге шәкіртақы беру үшін қор бюджетінен 171 миллион теңге жұмсалады.
Оқи отырыңыз:
2025 жылы қалай білім грантын жеңіп алуға болады? Маңызды он сұраққа жауап
"Мемлекеттік білім грантын ұлдарға көбірек беру керек". Бектенов депутаттарға жауап берді