Елге инвестиция тартып, экологияны жақсартуға арналған трансұлттық қор құрылады.
Kazakh-Asia Investment қорының капиталы 10 миллиард доллар болмақ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Qazaq Invest Forum-ында айтылды. Қор экология, жасыл энергия, инфрақұрылым және тұрақты өнеркәсіп салаларын қаржыландырады. Сонымен қатар инвестицияны тікелей қажетті салаға тарту, өңірлерді индустриялық дамыту, инновациялық стартаптарды қолдау сияқты бастамасы бар. Соның бастамасы ретінде жалпы құны 224 миллиард теңге болатын бірнеше меморандумға қол қойылды. Нақтырақ айтсақ, қаптама қағаз өндіру зауыты, тетрапак қалдықтарын өңдеу, күн панелдерін шығару және электромобильдерге арналған тежеу жүйелерін шығару зауыттары салынады. Алматыдан басталған аймақтық форум Астана, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасады. Мақсат — елді шикізаттық деңгейден өндірістік деңгейге көтеру.
Азаматхан Әміртай, Qazaq Invest Forum ұйымдастырушысы:
- Сондықтан біз инвестиция тарту арқылы біз үйренуіміз керек. Өздеріміздің жастарымызды үйретуіміз керек. Соған байланысты біз осы Қытай мен Қазақстан арасындағы инвестициялық бағытқа көп көңіл бөлсек, дейміз. Өйткені инвестор келген кезде ол тек қана өзімен қаражат алып келмейді, ол өзімен тәжірибе алып келеді, өзімен білім әкеледі, өзімен скилс дейміз әртүрлі ілім әкеледі.