Оңтүстік Кореяның диқандары қуаңшылықтан зардап шегіп жатыр. Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауынан егін күйіп барады. Ең алаңдатарлық жағдай Канвон провинциясында қалыптасты.
Оңтүстік Кореяда 3 шілдеден бері аптап ыстық тұр. Сол күні муссон жаңбырларының маусымы күтпеген жерден ерте аяқталды. Әдетте бұл кезең маусым айының соңында басталып, шамамен бір айға созылатын еді. Қазір сынап бағанасы 40 градустан асып кетті. Синоптиктер: «Елде шілде айының бас кезінде мұндай аптап бұрын-соңды болмаған», – дейді.
Күннің қатты ысуынан ауыл шаруашылығына да қауіп төнді. Ең күрделі жағдай Канвон провинциясында. Онда Каннын қаласын ауызсумен қамтамасыз етіп, алқаптарды суару үшін пайдаланып отырған Обон қоймасындағы тіршілік нәрі күрт азайды. Кореяның Ауылдық аймақтарды дамыту корпорациясының мәліметінше, қоймадағы су қоры 32% дейін төмендеген. Бұл ел бойынша орташа деңгейдің жартысына тең. Қуаңшылық салдарынан жүгері алқаптары бүлінді. Жергілікті билік суды бақылау жүйесін енгізіп, тұрғындарды үнемдеуге шақырып жатыр. Жалпы Оңтүстік Корея аумағының шамамен 70%-ін таулар алып жатыр, ал егістік жерлер 20%-тен аз. Сондықтан олардың барлығы суарылады. Ең басты ауыл шаруашылығы дақылы – күріш. Ол егістік алқаптардың жартысынан көбін алып жатыр. Екінші орында пияз, бұрыш, алма, алмұрт және құлпынай сияқты көкөніс пен жемістер. Үшінші орында соя, арпа және жүгері. Суару үшін негізінен қоймалар мен тоғандарда жиналатын жаңбыр суы пайдаланылады. Сонымен қатар өзендер мен бұлақтар қолданылады. Олар бөгендер арқылы реттеліп отырады. Су көздері жоқ өңірлерде жерасты сулары пайдаланылады. Сондай-ақ жасанды каналдар мен су тарту станциялары салынған. Суару жүйелерін ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік корпорация басқарады. Суды үнемдеуге тамшылатып және шашыратып суару, су бөлу жүйелерінің цифрландырылуы және сенсорлар арқылы су беруді автоматты басқару тәсілдері көмектесіп отыр.
Ал Кореяның метеорологиялық қызметі алдағы күндері елде айтарлықтай жауын-шашын болмайды болжап отыр. Жұмаға қарай аптаптың беті қайтуы мүмкін, бірақ одан кейін елде күн қайта ысиды деп ескертіп жатыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян