Қарағанды облысында 89 суға түсуге рұқсат етілген жағажай белгіленген .

Ол жерлерде 120 құтқарушы демалушылардың қауіпсіздігін бақылайды. Төтенше жағдай қызметкерлеріне еріктілер жасағы көмектесіп жүр. Биыл суға шомылу маусымы ашылғалы профилактикалық шаралар да күшейтілген. Нәтижесінде былтырға қарағанда оқыс жағдайлар азайды.

Еріктілер жасағының мүшелері екі апталық оқу курсынан өткен. Бүгінгі таңда өңір бойынша 133 қоғамдық құтқарушы тоған мен көл маңындағы демалыс орындарында, коммуналдық жағажайларда қауіпсіздікті бақылап жүр. Еріктілер жасағының мүшесі Евгений Гунбин Қарағандыдағы Федоров су қоймасында кезекшілік атқарады.

Евгений Гунбин, қоғамдық құтқарушы:

- Көп адам масаң күйде суға түсіп, қауіпсіздікті ұмытады. Соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады. Мұнда терең, түбі саздауыт аумақтар бар. Ол жерлерді белгілеп қойдық. Белгіге жақындағандарды дереу қайтарып отырамыз.

Қарағандыда суға түсуге болмайтын 21 қауіпті жер бар. Адамдар ол аумақтарға шомылмау бармас үшін рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Ал облыс бойынша төтенше жағдай қызметкерлеріне түсетін жүк тіпті ауыр. Сондықтан жеке бас қауіпсіздігін ұмытпай, шомылуға рұқсат етілген жағажайға барған абзал, дейді азаматтық қорғаныс мамандары.

Ерасыл Сайпаш, ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:

- Тек рұқсат етілген жағажайда ғана суға түсу керек. Себебі ол жерлерде құтқару бекеті бар. Оларда шұғыл әрекет етуге дағдыланған мамандар отырады. Аптап ыстықтар кезінде жағажай лық толады. Мұндай кездері қоғамдық құтқарушылар жасағы бізге үлкен көмек.

Шомылу маусымы басталғалы өңірде 1 адам суға батқан. Былтыр бұл уақытта қайғылы жағдайлар көп болған. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше былтырғы шомылу маусымында жалпы саны 12 адам суға кеткен. Мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін рейдтік шаралар, түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Маусым айының 1-інен бастап облыста 200 астам рейд жүріп, 18 тәртіп бұзушылық анықталған.

Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит