Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде қауіпті пранк пен экстремалды контент түсіретін азаматтарға ресми үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Polisia.kz таратқан хабарламада ведомство мұндай әрекеттердің қоғамға төндіретін қаупін ескертеді.
Соңғы уақытта интернетте пранк және экстремалды көріністер бейнеленген видеолар жиі таралуда. Мұндай ойындар мен қауіпті трюктер әлеуметтік желілерде хайп үшін жасалуда. Өкінішке орай, лайк пен қаралым үшін жарыс әзіл-қалжың мен дұрыс көңіл көтерудің шеңберінен шығып кетуде, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері осындай оқиғаларға қатысты 24 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, Астанада блогерлер лифт ішінде «мәйіт» тасып, балтамен шабуыл жасалғандай көрініс ұйымдастырған. Бұл әрекет жолаушыларды шошытып, қоғамдық резонанс тудырған. Қатысушылар 15-тен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған.
Тағы бір ауыр жағдай Алматы облысында тіркелген. Экстремалды кадр үшін жас жігіт келе жатқан көліктің үстінен секіруге әрекет жасап, ауыр жарақат алып, көз жұмған.
Мұндай әзілдер қауіпті ғана емес, сонымен қатар әдеп нормаларына сәйкес келмейді, қоғамдық тәртіпті бұзып, қауіпсіздікке қол сұғып, орны толмас салдарға әкелуі мүмкін, – делінген мәлімдемеде.
ІІМ пранк авторларына ескерту жасады:
«Блогерлік пен камераға түсіру құқық бұзуға сылтау болмауы керек».
«Қатыгез пранктер мен қауіпті трюктер — бұл өнер емес, бұл — заң бұзушылық.
«Күмәнді көріністі түсірмес бұрын немесе оған қатыспас бұрын салдарын ой елегінен өткізіңіз».
Министрлік қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін немесе өзгелердің ар-намысына тиетін кез келген әрекетке заң жүзінде қатаң жауап берілетінін ескертті.
Алекешевтің айтуынша, қоғамда әр адамның қауіпсіздігі мен жеке шекарасы сақталуы тиіс. Заңды құрметтеу – кез келген блогер мен азамат үшін басты талап болуы керек.