Маңғыстау облысындағы Оңды ауылында соңғы үш жылдан бері ішімдік атаулы сатылымда жоқ. Сол уақыттан бастап бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды 24kz.
Елді мекен тұрғындары бау-бақша егіп, төрт түлік санын көбейтіп отыр. Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы дүниеге келген Онды елдегі ең үздік 30 ауылдың бірі саналады.
Оңды – Маңғыстауда арақ-шарап сатылмайтын жалғыз ауыл. Елді мекендегі екі дүкенге де бас сұғып, сөрелерден ішімдік жоқтығына көз жеткіздік. Шалғай ауылда 2022 жылдан бері қылмыс тіркелмеген. Тұрғындардың кәсіп ашып, мал өсіруі арқасында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы да жоқ боп шықты.
Қаржаубай Көшен, Оңды ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Оңды әуелден де осы төрт түлікті кеңінен өсірген ауылдардың бірі еді. Бұл жерде «Комсомол» совхозы дейтін болған. Сонда 50 мыңға дейін қой ұстадық. 10 мыңдай жылқы ұстадық, 2 мың түйе ұстаған кәдімгі үлкен шаруашылық еді. Осы малдың басын әлі де ұстап отыр.
900-дей тұрғыны бар елдімекен Шетпеден 23 шақырым жерде орналасқан. Ауыз су, газ, ұялы байланыспен толық қамтылған ауылға туристер жиі барады. Электр желісі мұнда аудан орталығынан тартылған. Жүктеменің жылдан жылға артуынан жаз айлары ток өшіп қалады. Мәселені шешу мақсатында қуаты 35 киловаттық станция бой салынып жатыр. Оның құрылысы күзде аяқталуы тиіс.
Қуаныш Жәнібекұлы, Оңды ауылдық округінің әкімі:
- Былтыр облыс әкімі: «Маңғыстаудағы ең үздік ауылды анықтаймыз», — деп соған байланысты біздерге тапсырма берген. Сол бойынша басқа көрші ауылдармен бәсекелесіп, осындай жұмыстарымызды бастап кеттік. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі ауылшаруашылық өнімдері мен малмен айналысқанымен, Оңдының табиғаты бау-бақша өнімдеріне, егіншілікке бір ыңғайлы жағы бар. Себебі, суымыз тегін. Бұлақтарымыз үздіксіз ағып жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Оңды ауылының іргесінде аумағы 4 шақырымнан асатын бақша жайқалып тұр. Мұнда екі жыл бұрын алма, алмұрт, өрік секілді жеміс көшеттері егілген. Мынау қазіргі шығымы. Келешекте мұндағы тал санын 100 мыңға жеткізу жоспарланған.
Жәнібек Қожық, Оңды ауылының тұрғыны:
- Маңғыстауға азық-түлік, бақша өнімдерінің 80-85%-і шетелден келеді. «Маңғыстауда ештеңе шықпайды» дейтіндерге біз дәлелдегіміз келді. Сонымен, тек ауыл азаматтарының күшімен осыны бастадық. Болашақта бұл ағаштардың санын жыл сайын 5-10 мыңнан көбейтеміз. Жүз мыңға жеткізгенде әр мың ағашқа 1 адамнан жұмысқа аламыз. Сонда 100 адамға жұмыс болады.
Бастамашыл азаматтар қазір шырын-тосап өндірісін ашуға талаптанып жатыр. Бақтың бір бұрышына тоған қазылып, оны жерасты суымен толтыруға дайындық жұмыстары басталған. Алдағы күндері оған өзен балықтары жіберілмек. Майшабақтар жетілген соң жергілікті нарыққа шығару жоспарланған. Көпшілік бұл жобаның да жұмыс орындарын құруға сеп боларына сенеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев, Александр Убейкин