Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне демалуға барғысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров азаматтарға үндеу жасады.
"Таяу Шығысқа демалысқа баруды жоспарлап отырған барлық азаматқа үндеу жасағым келеді. Бірнеше күннен бері геосаяси жағдай аса тұрақсыз екенін бақылап отырмыз, жағдай күн сайын өзгеріп жатыр. Соған қарамастан бұл елдерге бағыт алған рейстер әлі де жолаушыларға толы. Кеше Air Astana бірнеше рейсті тоқтатты. Әрине, бұл жағдайға байланысты, ол жақтан адамдарды қалай қайтарамыз деген сұрақ та туындайды. Бұл — үлкен мәселе. Мұны шешуге тура келеді. Сондықтан демалысқа осы елдерге бармас бұрын тағы бір мәрте жақсылап ойланып, дұрыс шешім қабылдауларыңызды сұраймын", – деді Смадияров СІМ-дегі брифингте.
Смадияров қажет болған жағдайда Қазақстан барлық көмекті көрсететінін айтты.
"Қазір Таяу Шығысқа бару үлкен сұрақ болып отыр. Сондықтан бұл елдерге демалуға ұшпас бұрын тағы бір рет жақсылап ойланып, салмақты шешім қабылдау керек. Әзірге ұшақтар қатынап жатыр, бірақ кез келген сәтте рейстер тоқтап қалуы мүмкін", – деп ескертті министрлік өкілі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!