Алматыда бұрынғы судья Светлана Жолмановаға сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Светлана Жолманова аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Істі Алматы қаласының №2 Медеу аудандық сотында судья Қанат Әрінов қарады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жолмановаға қатысты істер

Айта кетейік, Светлана Жолмановаға 2021 жылы қылмыстық іс қозғалған болатын. Сол уақытта экс-судья мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға көмектесіп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейінірек қылмыстық іс тоқтатылып, ол судья қызметінен босатылды.

2024 жылы қазанда бұрынғы судья Светлана Жолманова полицияға жеткізілді. Артынша Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесемін деген сылтаумен, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы азаматтардың 1 миллиард теңгеден аса сомадағы қаражатын қолды қылған. Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget