Таразда иппотерапияға арналған жабық манеж құрылысы 2021 жылы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Алайда, әлі күнге аяқталмады. Онда мүгедектігі бар балалар ем қабылдап, зге де сауықтыру шараларынан өтуі керек еді. Алайда, құрылысы тоқтап, ғимарат қараусыз қалды.

Мерей Бает, тілші:

- Мүгедектігі бар балаларға арналған өңірдегі жалғыз иппотерапия курсы қаладағы Мамыр саябағында жұмыс істейді. Мұнда бір маусымда 45 баланы атпен серуендетіп емдейді. Орын тапшылығы болғандықтан, тағы 30 дан астам бала кезекте тұр. Мәселені шешу үшін өңір билігі қосымша ғимарат салып бастаған еді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға және емдеуге арналған мына жабық манеждің құрылысы 2021 жылы басталған еді. Сөйтіп, 2022 жылы пайдалануға берулуі тиіс еді. Бірақ нысанның құрылысы тоқтап, бүгінде сақалды құрылысқа айналған.

Манеждің ашылуын асыға күтіп жүргендердің бірі – Раушан Дербісалиева. Тараз тұрғыны аутизм дертіне шалдыққан қос ұлын 3 жылдан бері осында емдетіп жүр. «Дегенмен, жабық ғимарат болмаған соң жыл бойы ем ала алмайды», — дейді.

Раушан Дербісалиева, қала тұрғыны:

- Пайдасы өте зор. Балаларға көптеген агрессиясын тыныштандырады. Балаға энергия береді. Осы иппотерапияға тек қана маусымдық кезінде келеміз. Ал қыс кезінде тоқтап қалады. Ғимарат керек 40 баладан бөлек басқа да балалар кезекте тұр. Осындай ерекше балалар. Сол себептен бізге бір жылдық үзбей келетін ғимарат керек.

Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының мәліметінше, жабық манежді басында демеушілер салып беретін болған. Бірақ кейін олардың жоспары өзгерген. Бастапқыда құрылыс қарқынды жүргенімен, 2022 жылы кілт тоқтайды. Сондықтан жауапты бөлім нысанды өз теңгеріміне алды.

Дәурен Садуақасов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2023 жылы құрылыс бөлімі тарапынан жобасы жалғастырылып, жоба жасалып сараптаманың оң қортындысы 2023 жылы мамыр айында алынған. Бүгінгі күнге бюджеттік өтінім жасалған. 2024 жылы да, 2025 жылы да, жыл сайын қайталанып берілді. Мәслихат шешімімен қаржы бөлінеді. Алдындағы бюджеттік өтінімдер қолдау таппағаннан кейін 2025 жылға да өтінім бердік.

Жауаптылардың сөзінше, жобаны аяқтау үшін 931 миллион теңге керек. Қомақты қаражат қала бюджетіне ауырлық еткен соң облысқа өтінім берген. Әлеуметтік маңызы бар жобаның қайтадан қашан жанданатыны белгісіз. Қаржы мақұлданса ғана, құрылыс жалғасады.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә