"Қарағанды — Омбы" бағытындағы пойызда жолсерік қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқыс оқиға 7 маусымда болған.
"№145 "Қарағанды — Омбы" бағытындағы жолаушылар пойызы қызметкері, 1972 жылы туған жолсерігіміз ес-түссіз күйде табылды. Ол сол кезде ауысымнан демалып, ұйықтап жатқан", — дейді компанияның баспасөз қызметі.
Жолсеріктер жақын маңдағы Көкшетау станциясына жедел жәрдем шақырған. Өкінішке қарай жолсерік қайтыс болып кеткен.
Компанияның мәліметінше, марқұм болған жолсерік дәрігер есебінде тұрмаған.
Ауысым алдында медициналық тексеруден өткен, денсаулығында еш ақау болмаған. 30 жылға жуық еңбек еткен қызметкердің қазасынан кейін әлеуметтік желіде әртүрлі ақпарат тарап жатыр.
Желі қолданушыларының пікірінше, вагон іші қапырық, жағдай жоқ, әрі жолсеріктердің жас ерекшеліктері де ескерілмейді. Қазақстан темір жолының айтуынша, пойыз жұмысы талаптарға сай.
"№ 145 "Қарағанды — Омбы" жолаушылар пойызы 8 вагоннан тұрады. Барлық вагондар 2014 жылы салынған. Ауаны баптау және желдету жүйесі барлық вагондарда жарамды күйде жұмыс істейді", — дейді ведомство.