Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы орталық аппаратының басшысы Бекберген Керей экологиялық мәселелердің өзектілігі туралы кеңінен сөз қозғады. Маман мен тілшіміздің әңгімесінде экожүйенің мәні мен қоғамның оған деген көзқарасы, елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен олардың нәтижелері, климат өзгерісінің әсері сияқты маңызды тақырыптар тарқатылды. Сонымен қатар, алдағы жылдары экожүйеде орын алуы мүмкін өзгерістер мен әрбір азаматтың табиғатты қорғаудағы рөлі жөнінде ой бөлісті. Бұл сұхбат – табиғатты сақтау жолындағы жауапкершілік пен әрекетке үндейтін маңызды пікірталас.
– Мемлекет табиғи тепе-теңдікті сақтау және экожүйелерді қалпына келтіру үшін қандай негізгі стратегиялар мен жаңа идеологиялық тұжырымдамаларды ұсынып отыр? Бұл бағытта «Байтақ» жасылдар партиясының ұстанымы қандай?
– 2013 жылдан бастап «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, бүгінде табиғат пен адамзаттың өмір сүру сапасы алаңдатарлық деңгейде. Жердің тозуы, судың ластануы, ауаның улануы секілді күрделі экологиялық мәселелер ұлт денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Осы ретте біз «Жаңа экологиялық идеология» тұжырымдамасын ұсынамыз. Оның мақсаты – табиғи байлықты сақтау арқылы халықтың өмір сапасын арттыру. Партиямыздың басты миссиясы – экологиялық сананы қалыптастыру, қоғамды, бизнесті және мемлекетті ортақ жауапкершілікке тарта отырып, Қазақстанды экологиялық таза әрі қауіпсіз мемлекетке айналдыру.
– Қазіргі таңда ел көлемінде қолға алынған «Жасыл Қазақстан», «Таза Қазақстан», «Ауыл – ел бесігі» сияқты экологиялық бағдарламалардың нақты нәтижелері қандай? Бұл жобалар қоғамның экологияға деген көзқарасын өзгертті ме?
– Иә, бұл бағдарламалар экологиялық мәселелердің шешімін табуда үлкен рөл атқарды. Президентіміздің бастамасымен жүзеге асқан ұлттық экологиялық акцияларға ел халқының үштен бірі белсенді қатысты. Нәтижесінде 1,5 млн тоннадан астам қоқыс жиналды, 3,5 млн ағаш отырғызылды, 30 мыңға жуық әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, 5 мыңнан астам саябақ абаттандырылды. «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде дәстүрлі сипат алды. Бұл бастамалар адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге, экологиялық мәдениетті арттыруға ықпал етті.
– Бүгінде Қазақстанда қандай экологиялық проблемалар ең өзекті саналады? Олардың салдары мен ел дамуына тигізетін ықпалы қандай болуы мүмкін?
– Қазіргі таңда ең өзекті проблема – ауаның ластануы. Ірі өнеркәсіптік қалаларда, әсіресе Алматыда ауа сапасы өте нашар. Бұл – халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін фактор. Екінші мәселе – су тапшылығы мен су ресурстарының ластануы. Үшінші – қалдықтардың көбейіп, оларды қайта өңдеу деңгейінің төмен болуы. Төртінші – жердің тозуы мен шөлейттенуі, бесінші – радиациялық қалдықтардың мұрасы. Бұл проблемалардың шешілмеуі экономикалық, әлеуметтік және демографиялық қауіп-қатерлерге әкелуі мүмкін.
– «Экожүйе» деген ұғымды қарапайым жұртшылық қалай түсінуі тиіс? Экожүйенің маңызын ұғындыру үшін қандай мысалдар келтіруге болады?
– Экожүйе – бұл адамның өмір сүру ортасын құрайтын табиғи элементтердің (ауа, су, топырақ, өсімдік, жануарлар және басқа тіршілік иелері) өзара байланысқан жүйесі. Табиғат пен адамзаттың арасында нәзік тепе-теңдік бар. «Байтақ» жасылдар партиясының ұстанымы – осы тепе-теңдікті сақтау. Табиғат – сарқылатын ресурс, сондықтан оны ұтымды пайдалану және болашақ ұрпаққа таза экология қалдыру – біздің ортақ міндетіміз. Экологияны тек ғылыми ұғым ретінде емес, ұлттың экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының негізгі тірегі ретінде қабылдауымыз керек.
– Табиғатты қорғау ісінде қарапайым азаматтар қандай нақты әрекеттер арқылы өз үлесін қоса алады? Әлеуметтік жауапкершілік деңгейін қалай көтеруге болады?
– Әр азамат өз күнделікті өмірінде табиғатты қорғауға ықпал ете алады. Мысалы, суды және электр энергиясын үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңделетін өнімдерді қолдану, ағаш отырғызу және сенбіліктерге қатысу арқылы қоршаған ортаға оң әсерін тигізе алады. Бүгінде халықтың экологиялық сауаттылығы артып келеді. Бұл — болашаққа деген сенімнің нышаны. Әлеуметтік жауапкершілікті көтеру үшін экологиялық білім беруді ерте жастан бастап, қоғамдық бастамаларды қолдау маңызды.
– Алдағы 5–10 жыл ішінде Қазақстанның экожүйесінде қандай өзгерістер орын алуы мүмкін? Бұл өзгерістер қандай қауіптер мен жаңа мүмкіндіктер туғызады деп ойлайсыз?
– Қазақстан табиғи ресурстарға тәуелді ел болғандықтан, экологиялық ахуал тікелей заңнамалардың сапалы орындалуына байланысты. 2021 жылы қабылданған Экологиялық кодекс – маңызды қадам, бірақ оны тиімді жүзеге асыру – негізгі міндет. Біз ұсынып отырған «Жаңа экологиялық идеология» аясында экологиялық бақылау жүйесін қайта құру, өндіріс орындарына қатаң талаптар қою, жасыл экономикаға көшуіміз қажет. Егер экологияны мемлекет дамуының басты факторы ретінде қарастыратын болсақ, онда елдің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын арттыруға қол жеткіземіз.
– Климаттың ғаламдық өзгерістері еліміздің табиғатына қалай әсер етіп жатыр? Қазақстан осы өзгерістерге бейімделу үшін қандай нақты шараларды қолға алуда?
– Климаттың өзгеруі – бүкіл әлемдік проблема. Қазақстан шөл және шөлейт белдеуде орналасқандықтан, бұл өзгерістер бізге ерекше әсер етеді. Осыған байланысты 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Бұл құжат ел экономикасын әртараптандыруға, энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге, өндіріс орындарына қатаң экологиялық талаптар қойылып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға мән беріліп жатыр. Дегенмен, бұл жұмысты жүйелі әрі жеделдету қажет.
– Сұхбат үшін рахмет!