Қазақстан былтыр Иранға 500 мың тоннадан астам арпа экспорттады. Бұл жайында келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлемдеме жасау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Иранға астық пен дәнді-дақыл жеткізіп келеді, ал арпа экспортының көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бар. Тараптар су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасуға да келісті. Осы сапар барысында Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты құнды көне қолжазбалардың көшірмесін әкелген екен. Бұл деректер XVIII ғасырдағы Қазақ хандығының тарихын зерттеуге маңызды материал болмақ. Президент елде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар екі ел Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы келісімге де келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жоғары мәртебелі Масуд Пезешкиан бастаған құрметті қонақтарымыз Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін әкелген екен. Онда XVІІI ғасырдағы ұлт шежіресі мен мәдениеті туралы құнды деректер бар. Бұл құжаттар ғалымдарымызға сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық қатынастарын терең зерттеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы ретте мен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министріне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым.