Украина президенті Владимир Зеленский шұғыл брифинг өткізіп, бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Киев қазір бірқатар халықаралық бастамаларды талқылап жатыр және сайлау өткізуге де дайын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент алдымен АҚШ-тың жаңадан сайланған басшылығымен байланысқа тоқталды.
«Ертең Трампқа жаңартылған келісім жобасын ұсынамыз. Қазір оны еуропалық әріптестерімізбен бірге әзірлеп жатырмыз», деді Зеленский.
Ол сондай-ақ Ресеймен тікелей келіссөз жүргізіліп жатқанын жоққа шығарды.
«Украина Ресеймен тікелей келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Оған Ресей құлықсыз», деді ол.
Сонымен бірге Зеленский энергетикалық инфрақұрылымға шабуыл жасамау туралы бітім жасасуға әзір екенін мәлімдеді.
Президент соғыс алаңындағы жаңалықтарға да тоқталды.
«Украина өз қаруларын – балистикалық «Сапсанды», жаңартылған «Нептунды», сондай-ақ «Паляница» мен «Фламинголарды» қолдануда», деді ол.
Басты мәлімдемелердің бірі – сайлау өткізу мәселесі.
«Мен сайлау өткізуге дайынмын. Сайлау мәселесін Украина халқы анықтайды. Мен ертең Украинада боламын. Сол сәтте біздің серіктестерден, депутаттардан әскери жағдайда сайлау өткізу туралы ұсыныс күтемін. Ол үшін заңнамалық өзгерістер керек болмақ. Ал қазір АҚШ-тан және еуропалық әріптестерден сайлауды өткізу үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраймын. Сонда біз алдағы 60-90 күнде сайлау өткізе аламыз», деді Зеленский.
Ол сондай-ақ НАТО мәселесіне қайта тоқталды.
«Мен реалистпін. Біздің НАТО-ға қосылғымыз келеді. Бұл – әділетті. Бірақ, АҚШ та, өзге бірнеше ел де бізді НАТО-да көрмейді. Ресей екібастан», деді Украина президенті.