Ел тұрғындары автокөлік тіркеу мәселелеріне шағымданып жатыр .
Бұл туралы импорттаушы және автоблогер Санжар Асқаров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол электронды көлік паспорттарымен байланысты "жаһандық проблеманың" барын ашық мәлімдеп отыр.
Айтуынша, автокөліктер есепке қойылмай жатыр, жеке тұлғалар да, ресми дилерлер де зардап шегуде. Ал "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ техникалық ақауларды жоққа шығарған. Олар мәселені рәсімдік тексерістермен түсіндіреді.
– Неге екі аптадан бері көліктер есепке тұрмай жатыр? Бұл – жаһандық мәселе. Маған ЭПТС туралы сұрап қоңырау шалуда. Автосалондар, ресми дилерлер хабарласып жатыр. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ – осы ЭПТС-тің операторы. Ол жұмыс істемей тұр ма? – дейді автоблогер.
Оның сөзінше, мәселе ЭПТС берумен айналысатын уәкілетті зертханаларға жүргізіліп жатқан тексерістерге байланысты болуы мүмкін.
Inbusiness.kz-тің ресми сұрауына жауап берген "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жүйеде қандай да бір ақау, бұғаттау немесе тоқтап қалу жоқ екенін қатаң түрде мәлімдеді. Олар электронды көлік паспорты жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтады.
– Электронды паспорттарды рәсімдеуге немесе көліктерді есепке қоюға кедергі келтіретін техникалық ақаулар немесе бұғаттаулар тіркелмеген, – делінген хабарламада.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ өзінің рөлі тек жүйені ұйымдастыру, қолдау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ал ЭПТС рәсімдеу және мемлекеттік тіркеу олардың функциясы емес.
ЭПТС-ті рәсімдеу мен тіркеу – уәкілетті ұйымдар мен өндірушілердің құзыреті. Олар мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынатын деректермен жұмыс істейді.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның пайымынша, импортерлер айтып жүрген кідірістер техникалық ақаулардан емес, рәсімдік талаптарды орындаумен байланысты.
– Мүмкін болатын кідірістер тіркелсе, тек деректер мен құжаттарды уәкілетті ұйымдардың тексеруіне байланысты, жүйенің жұмысына емес, – деп түсіндіреді.
Процедура қалай жүреді?"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ процесстің автоматтандырылғанын және адам факторы жоқ екенін еске салды. ЭПТС тек қажетті барлық құжат толық ұсынылған кезде ғана рәсімделеді. Олардың арасында:
• VIN-код;
• шығарылған жылы;
• массасы;
• көлік санаты;
• СБКТС құжатының нөмірі және берілген күні.
Егер деректер толық болмаса немесе расталмаса, уәкілетті ұйым ЭПТС рәсімдеуге құқылы емес.