Қазақстандық жас шахматшылар Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста жүлдегер атанды , деп хабарлайды 24kz.

Ұзын саны 45 мемлекеттің озық ойлы өрені жиналған бәсекеде ел қоржыны 4 медальмен толықты. Үшеуі күміс, біреуі қола. «Блиц» сынында жоғары нәтиже көрсеткендердің бірі – Ернұр Ержанұлы. 12 жастағы шахматшы өз қатарластарынан бөлек, ересектерден айласын асырды. Жаттықтырушылар оны алдағы әлем чемпионатына дайындау әрі ұпай санын еселеу мақсатында Абу-Дабидегі жарысқа алып барған. Бүгін халықаралық турнир аясында Masters пен Open A санатындағы бәсекелер өтеді. Қатысушылар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен гросмейстерлер бар. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 70 мың долларға тең.

Ернұр Ержанұлы, Абу-Даби халықаралық шахмат фестивалінің жүлдегері:

- Кез келген турнирда ересек адамдармен ойнау керек деп ойлаймын. Біз өз жасымызда жарыстар аз болады. Сондықтан ересектермен ойнаймыз. Алматыда әлем чемпионаты болады. Сонда 12 жасқа дейін өнер көрсететін боламын. Түркияда, Таиландта, Азия, Моңғолияда рапид, блицтан әлем чемпионаттары болады. Сонда өнер көрсетемін.

Бахтияр Нұғманов, Астана қаласы шахмат федерациясының жаттықтырушысы:

- Қазақстаннан 30-ға тарта шахматшы қатысып жатыр. Турнир кестесі өте тығыз. Қатысушылар көп болғандықтан, мұнда мейлінше мол ұпай еншілеуге қолайлы мүмкіндік туып тұр. Masters сынына ерлер құрамасының жетекшілері келді. Десе де, негізгі жарыстарымыз алда. Сол бәсекелерге сақадай-сай болуымыз үшін осы фестивальде жақсы өнер көрсетуіміз керек.