2024 жылдың шілдесінде Алматыдағы көпқабатты үйдің 7-қабатынан құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Марқұмның өкілі, адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) тергеушісіне берілген. Агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылғаннан кейін тергеушілер қайта аккредитациядан өтуі қажет болған.
"Іс жабылған жоқ. Материалдар Антикор тергеушісіне тапсырылды. Аккредитация аяқталған соң тергеу белсенді түрде жалғасады", – деді адвокат.
Сондай-ақ ол бұл іске қатысы бар делінген қыздардың қазіргі уақытта Алматыда жүргенін айтты. Бұған дейін, іс адвокатқа өткенге дейін олардың Қытайға жиі барып жүргені белгілі болған. Қазір күдіктілерге елден шығуға тыйым салынған.
Алматы қалалық полиция департаменті де қылмыстық істің Антикорға жолданғанын растады.
"Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық істің бағыныстылығын өзгертіп, материалдарды одан әрі тергеу үшін Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдады", – делінген ресми хабарламада.
Істің толық мән-жайын анықтау үшін Антикорға ресми сауал жолданды.