Алматыда Халықаралық жастар күні "Бірлік, тазалық және жауапкершілік" ұранымен аталып өтті.

Қалада Халықаралық жастар күніне арналған "ALMA LOVE" онкүндігі аяқталды. Алматы әкімінің қолдауымен биыл фестиваль жаңа форматта ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасы хабарлады.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен гранд-финалға 5 мыңнан астам адам қатысты. Алматылық жастар "Бірлік, тазалық және жауапкершілік" ұраны аясында біріктірді. Фестиваль жастардың азаматтық ұстанымы мен ортақ құндылықтарға беріктігін көрсетті.

Он күн ішінде қала аудандарында, әкімдіктің жобалық кеңсесінің қолдауымен, экологиялық челлендждер, "Jastar Talks" шабыт беретін кездесулер, квесттер, би сайыстары, әлеуметтік жобалар көрмесі және Жайдарман ойындары өтті. Іс-шаралар 30 мыңнан астам адамды қамтыды.

"Биылғы ALMA LOVE онкүндігі жастардың әлеуетін ашуға және шығармашылық идеяларын іске асыруға бағытталған ерекше жоба. 10 күн бойы алматылық жастар түрлі іс-шараларға қатысты. Бір фестиваль аясында мұндай ауқымды жоба алғаш рет қолға алынды. Жастар Алматының дамуы мен жаңаруына серпін беретін күш. Біз олардың бастамаларын әрдайым қолдаймыз", – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Гранд-финалда қала дамуына үлес қосқан жас көшбасшылар мен еріктілерге Алматы әкімі атынан алғыс хаттар табысталды.

"Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Бұл ауқымды шараның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Қолдау білдіргендердің бәріне алғыс айтамын. Алматыны бірге таза ұстайық", – деді "Вирус жобасы" экологиялық бастамасының жетекшісі, ерікті Дулат Нәбиев.

Гала-концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары Dosekesh, Нұрболат Қанай, Еркеш Хасен, Yenlik өнер көрсетті. Ал кештің хедлайнері – Қайрат Нұртаc.

Суреттер: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал

Logotype Massaget