Kaspi Bank Перизат Қайрат басқарған қорға 620 млн теңге аударған. Бұл туралы атышулы волонтёр мен оның анасына қатысты сот отырысында белгілі болды. Былтыр банкке Перизат Қайраттың атынан «тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетулеріңізді сұраймыз» деген ресми хат келген. Ақша қордың шотына түскеннен кейін толық есеп те жарияланған. Алайда қылмыстық іс қозғалғаннан кейін қаржының қайырымдылыққа емес, Перизаттың қажетіне жұмсалғаны анықталды. Бұдан бөлек, бүгінгі сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан құрылыс компаниясының басшысы да тасқын кезінде «Біз біргеміз» қорына 200 миллион теңге аударғанын мәлімдеді. Алайда ақшаның қайда жұмсалғаны туралы түбіртек бірнеше ай өтсе де көрсетілмеген.
«Демек Перизат оны да қайырымдылыққа емес, өзіне жұмсаған болуы мүмкін. Ақшамды қайтарсын», — дейді кәсіпкер. Сот отырысында кәсіпкерлермен қатар, тұрғындар да жәбірленуші ретінде келді. Соның ішінде зейнеткер де болды. Ол «Біз біргеміз» қорына салған 1 миллион теңгесін қайтаруды талап етіп отыр.
Жанел Өтеулі