Балалар цирк өнерінің сиқырлы әлеміне еніп, өздерін сахна төрінде сынап көрді, деп хабарлайды 24kz.
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде ерекше балалар мен көпбалалы отбасыдан шыққан бүлдіршіндерге арналған шеберлік сабағы өтті. «Бұл – жай ғана көңіл көтеру емес, жеткіншектердің өзіне деген сенімін оятады», — дейді ұйымдастырушылар.
14 жастағы Алмат өз мүмкіндігін цирк аренасында сынады. Үйретілген иттермен ойнаған сәті оған ерекше әсер қалдырды. Анасы баласы үшін мұндай тәжірибенің маңызы зор екенін айтады.
Тұрсынай Батырова, қала тұрғыны:
- Менің балам ерекше болғасын оған әлеуметтену үшін иттер жақсы көмектесті. Иттерді көбірек құшақтады. Осы бүгінгі цирк басшылығына үлкен рахметімді айтамыз. Осындай балаларымызға бақыт сыйлағанына. Менің балам өте бақытты әрі қуанышты. Жақсы ойын ойнап жатыр.
Алғашқы сәттен-ақ Алмат сияқты балалардың бәрі цирк сахнасының сырлы әлеміне бойлай түсті. Қолдарына таяқ алып, тепе-теңдікті сақтап үйренуге тырысқан жас жеткіншектер өнерге деген ынта-жігерін байқатты.
Әлия Құдайбергенова, Қазақ мемлекеттік циркінің қоюшы репетиторы:
- Бұл – Қазақ мемлекеттік циркінің игі бастамасы. Балалардың шығармашылығын дамытуға үлес қосуды өзімізге міндет санаймыз. Оладың жүзіндегі күлкі мен қызығушылық барлық қиындықты ұмыттырып жібереді. Біз үшін бұл үлкен мртебе әрі бақыт.
Бұл күн балалар үшін тек ойын-сауық емес, үлкен арманға апаратын жол. Олар нағыз цирк қонағы болды. «Біз олардың күлімдеген жүздерін,шынайы қуанышын көрдік», - дейді ата-аналары. Ең бастысы, мейірімге толы ортада әр бала өзіне, мүмкіндігіне сеніп қайтты.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов