Мемлекет басшысы Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумға қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев одақтың аймақтағы ең ірі бірлестіктердің біріне айналғанын баса айтты. Қазір ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 трлн доллар. Былтыр өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетті. Ал елдеріміздің жиынтық ЖІӨ-нің өсімі екінші жыл қатарынан әлемдегі орташа көрсеткіштен асып түсті.
«Бүгінде бірлестіктің халықаралық беделі артып, жаһандық экономика жүйесіндегі маңызды субъектіге айналып келеді», — деді қазақ басшысы. Заманауи сын-қатерлерді де ескеріп, оған төтеп беру үшін жаңа технологиялардың маңызын ашып айтты. Цифрландыру мен жасанды интеллект – біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі. Шығынды азайтып, тауарлар қозғалысын жеделдетуге және бизнестің ортақ нарыққа шығуын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Десе де, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың жанама әсері барын да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни, дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек.
Келер жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Қазақстан төрағалық етеді
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске келесі жылы Қазақстан төрағалық етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды. «Біз ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамытып келеміз. Таяуда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады. Оның ресурсын ғылыми зерттеулерге, модельдеуге, үлкен деректер қорын өңдеуге және инженерлік тұрғыдан күрделі міндеттерді шешуге пайдаланамыз», - деді. Сондай-ақ елде жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылғанын айтты. Бұдан бөлек, CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кіріскенімізді жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл Астанада AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналмақ. Пилоттық жобада біз цифрлық активтерді кеңінен қолдануға байланысты құқықтық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткіземіз. Жалпы Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО-ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға шақырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты коммерциялық жобаға айналуы мүмкін.