Африкада Эбола індеті қайта өршіді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, Эбола вирусы шекарадан асып, көрші елдерге тарала бастаған. Уганда астанасы Кампалада жұма және сенбі күндері бір-бірімен байланысы жоқ екі зертханалық расталған жағдай тіркелген, олардың біреуі өліммен аяқталған. Бұл науқастар Конго Демократиялық Республикасынан келген адамдардан анықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сондай-ақ Конго астанасы Киншасада Итури провинциясынан оралған бір адамнан вирус анықталған.
ДДҰ дерегінше, бұл – 1976 жылы алғаш анықталғаннан бері тіркеліп отырған Эбола індетінің 17-ші өршуі. Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдай бұдан да кең таралуы мүмкін, себебі алғашқы тест нәтижелерінде оң көрсеткіштер көп және күдікті жағдайлар саны өсіп келеді.
Ұйымның дерегінше, Конгоның Итури провинциясында 88 күдікті өлім жағдайы тіркеліп, 8 жағдай зертханада расталған. Сондай-ақ 246 күдікті жағдай бар. Індет Буния қаласы мен Монгвалу, Рвампара сияқты алтын өндіретін аймақтарға да тараған.
Бұл індет «төтенше жағдай» деп бағаланып отыр. Себебі Эбола-Бундибугио вирусына қарсы бекітілген дәрі де, вакцина да жоқ. Бұған дейін тіркелген Эбола жағдайларының басым бөлігі Эбола-Заир штаммынан болған.
ДДҰ науқастарды дереу оқшаулауды, олармен байланыста болған адамдарды күн сайын бақылауды, ел ішіндегі қозғалысты шектеуді және халықаралық сапарларды 21 күндік инкубациялық кезең аяқталғанға дейін тоқтатуды ұсынды.
Сонымен қатар ұйым Конго мен Угандаға арнайы төтенше жағдай орталықтарын құрып, індетті бақылау мен алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Басқа елдерге де шекаралық бақылауды күшейтіп, ішкі жолдарда тексерістер жүргізу ұсынылды.
ДДҰ атап өткендей, вируспен байланыста болған немесе ауру жұқтырған адамдар медициналық эвакуациядан басқа жағдайда халықаралық сапарға шықпауға тиіс.
Мамандардың мәлімдеуінше, Эбола қызбасы хантавирусқа қарағанда әлдеқайда қауіпті және оның таралу қаупі жоғары. Хантавирус көбіне кеміргіштерден адамға жұғып, адамнан адамға берілмейді. Ал Эбола вирусы биологиялық сұйықтықтар арқылы адамнан адамға оңай таралады, бұл індет ошақтарының кеңеюіне жол ашады.
Еске салайық, Францияның Бордо портында Ambition кемесінде болған жағдайға байланысты 1700-ден астам адам карантинге алынды.