Заң күшейгенімен, мал ұрлығы тиылмай тұр. Жуықта Тарбағатай ауданында полицейлер мал ұрлау фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полицияның кезекші бөліміне бес бас ірі қара малдың ұрланғаны туралы хабар түскен. Әр малдың құны 300 мың теңге болып бағаланса, жалпы шығын 1,5 миллион теңгені құраған. Жедел іздестіру іс-шаралары кезінде күдікті ізін суытпай анықталып, өз кінәсін мойындады. Ұрланған мал табылып, иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ШҚО Полиция департаменті мал ұрлығы ауылдық жерлерде өзекті мәселелердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Полиция профилактикалық жұмысты күшейтіп, тұрғындарды мүліктерінің сақталуына мұқият қарауға және жануарлардың жоғалғаны туралы бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырады.